Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қарағанды облысындағы Жартас көлінде балық қырылып жатыр

Жергілікті балықшылар Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Жартас көлінде балықтың жаппай қырылып жатқанын айтып, дабыл қақты. Облыстық балық шаруашылығын бақылау инспекциясы мен экология департаментінің мамандары оқиға орнына аттанды, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қарағанды облысындағы Жартас көлінде балық қырылып жатыр
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде Қарқаралы ауданындағы Жартас көлінде балық қырылып жатқаны туралы видео мен суреттер пайда болды.

Оқиға орнына Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының, Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық ветеринария басқармасының және экология департаментінің мамандары аттанды.

«1 мамырда комиссия оқиға орнына барып, жалпы салмағы 32 кг (тұқы – 27 кг, алабұға – 5 кг) балықтың қырылу фактісін анықтады. Қарағанды облысы бойынша экология департаменті су сынамаларын алды. Қарағанды облысының ветеринария басқармасымен және Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, санитариялық нормаларды сақтай отырып, өлген балықты кейіннен кәдеге жарату бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Балықтардың өліміне суда еріген оттегінің болмауы себеп болып отыр деген болжам айтылды», - деп хабарлады инспекциядан.

Жартас көлі Қарқаралы ауданында, Қарағандыдан 300 шақырым жерде орналасқан. Белгілі болғандай, су айдыны бірнеше жыл бұрын «Әсел» ШҚ-на көл-тауарлық балық өсіру шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген болатын. Көлемі 200 гектардан асатын көлде алабұға, тұқы және мөңке балықтары мекен етеді.