«Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады» - Үкімет басшысы

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады» - Үкімет басшысы
Фото: Azattyq Ruhy

«Біздің алдымызда 2025-ші жылдың соңына дейін халықтың 100%-ін таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш қалаларда - 98%, ауылдық елді-мекендерде 94%-ті құрап отыр. Аса маңызды жұмыстардың бірі – елдегі су ресурстарының тапшылығын шешу.

Президент еліміздің әлеуметтік экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, Қазақстан 2050-ші жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер атап өткендей, қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді.

«Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр.

Өкінішке қарай, көптеген азамат суды үнемдегісі келмейді. Бұл мәселені шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет. Осы мәселенің бәрін жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет.

Бұдан басқа, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблемалар бар. Мәселен, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті.Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді»,- деді ол.

Премьер атағандай, іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ.

«Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр. «Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады.

Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр», - деді ол.  

Әлихан Смайыловтың айтуынша, сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр.

«Мәселен, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды.Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды.

Семейде су арнасындағы авария 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магистральдық құбырдағы авариядан Ақмола облысының 11 елді-мекеніне су берілмей қалды. Бұл – тек бір айдың ішінде болған жайттар. Мұндай проблемалардың барлығын кешенді түрде шешу керек. Жалпы Индустрия және Экология министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдық елді-мекендерді таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етулері қажет», - деді ол.  

Премьер-министр осыған орай бірқатар тапсырма берді. 

«Индустрия министрлігі Экология министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, 1 ай мерзімде Үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуі тиіс.

Суды ұтымды пайдалану мақсатында Ұлттық экономика министрлігі Индустрия және Экология министрліктерімен бірлесіп, 1 ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша нақты ұсыныстар енгізуі қажет. Бұл ретте түскен қаражатты инфрақұрылымды жаңғыртуға, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізуге бағыттаудың маңызы ерекше. Экология министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауыз су жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуі керек», - деді ол.