Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қазақстанда мамыр айынан бастап не өзгереді

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік, негізгі ҰБТ, Алакөлге тікелей рейстер – мамыр айындағы өзгерістер туралы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Қазақстанда мамыр айынан бастап не өзгереді
© Sputnik / Владислав Воднев

Зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылады

Былтыр қыркүйекте президент тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырған болатын. Осыдан кейін ішкі істер министрлігі бірқатар заңнамалық өзгерістер әзірледі.

Біріншіден, тұрмыстық құқықбұзушылықты тіркеу арыздану сипатынан анықтау сипатына ауыстырылады. Бұл жәбірленушілердің арыз жазғанын күтпей-ақ, зорлық-зомбылық фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, тараптардың қайта татуласуына мүмкіндік берілмейді. Олар тек бір рет – сотта ғана татуласа алады.

Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі.

Биыл наурыз айында парламент бұл түзетулерді мақұлдап, мемлекет басшысы заңға қол қойды. Осылайша Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер 19 мамырда, ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Мемлекеттік баж ставкалары өзгереді

Жуырда салық заңнамасына заңдық маңызы бар іс-әрекеттер үшін мемлекеттік баждың кейбір ставкаларын қайта қарау бойынша өзгерістер енгізілді.

Мәселен, мүліктік сипаттағы талап-арыздардан соттарда мемлекеттік баж сомасының жоғарғы шегі белгіленді:

жеке тұлғалар үшін – талап қою сомасының 1 пайызы, бірақ 10 000 АЕК-тен артық емес(1 АЕК – 3 450 теңге);

заңды тұлғалар үшін – талап қою сомасының 3 пайызы, бірақ 20 000 АЕК-тен артық емес.

Бұған қоса сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттар бойынша ставканы қолдану тәртібі өзгертілді. Осылайша, мемлекеттік баж мөлшерлемесі өтініш берген субъектіге байланысты қолданылады.

Бұл өзгерістер 21 мамырдан бастап күшіне енеді.
Негізгі ҰБТ Биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.

ҰБТ-ға тіркелу 28 сәуірде басталған болатын.
Осы жылы тіркелу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұрын талапкерлер тест тапсыруға бірден екі мүмкіндікке тіркелсе, осы жолы әрбір тіркелудің өз кезеңі болады. Түлектер 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында бірінші мүмкіндікке, 6-14 мамыр аралығында екінші мүмкіндікке тіркеледі.

Осылайша, талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Биылғы түлектер үшін ҰБТ тегін, ал қалғандары тесті ақылы түрде тапсырады.

Ата-аналар балаларын тегін үйірмелерге тіркей алады

Алматыда 2 мамырдан бастап балаларды тегін үйірмелер мен секцияларға жазу басталады.
Мемлекеттік тапсырысты бөлу бойынша www.damubala.kz жаңа ақпараттық жүйесіне көшу жұмысы аяқталды. 26 сәуірден бастап мегаполисте мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыру үшін жеткізушілерден өтінім қабылдау басталған болатын.

Ал 2 мамыр сағат 18:00-ден бастап ата-аналар порталдағы үйірмелер мен секцияларға қатысу үшін балаларын тіркей алады.

Айта кетері, биыл Алматы әкімдігі мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру үшін өкілеттікті аудан әкімдіктеріне берді. Мемлекеттік тапсырысты үйлестіруді аудандарға беру бағдарламаны іске асыру кезіндегі көптеген кемшіліктің алдын алады.

Алакөл мен Ереванға әуе рейстері

Qazaq Air әуе компаниясы 15 мамырдан бастап Астанадан Алакөлге тікелей рейстерді ашады.

Рейстер аптасына бес рет орындалады:
IQ 537 Астана (11:55) – Үржар (13:50);
IQ 538 Үржар (14:30) – Астана (16:30).

Тек жұма мен жексенбі күндері ғана ұшпайды.
Астана – Үржар – Астана бағыты бойынша жолаушыларды канадалық өндірістен шыққан De-Havilland Dash 8-Q400 ұшағы тасымалдайды.

Әлеуметтік маңызы бар рейстер субсидияланады, құны бір жаққа – 16 мың теңге. 14 жасқа дейінгі балаларға 50% жеңілдік жасалады.

Ал 4 мамырдан Fly Arystan Ақтаудан Ереванға ұша бастайды. Рейстер аптасына екі рет – бейсенбі және жексебі күндері орындалады.

Алматы - Саратов пойызы қатынайды

Осы айдан бастап Алматы – Саратов халықаралық бағыты іске қосылады.

ҚТЖ ақпаратынша, 2 мамырдан №7/8 Алматы – Орал пойызы Саратов қаласына (Ресей) дейін барады.

Пойыз күнара қатынайды: Алматыдан 2 мамырдан бастап жұп күндері, Саратовтан 5 мамырдан тақ күндері.

Билеттерді сайт немесе «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.

Соңғы қоңырау күні ауысты

Биыл барлық орта мектепте сабақтар 31 мамырда аяқталады. Ал соңғы қоңырау 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні соғылады.
9 (10) сыныптарда қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында, ал 11 (12) сыныптарда мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өткізіледі.

1 маусым жазғы каникулдардың бірінші күні болып саналады. Жазғы демалыстың ұзақтығы 92 күнді құрайды.