"Мен үшін бұл зор құрмет": Даниал Ахметов Рымбаеваға атақ бергеніне риза

Роза Рымбаева алдағы жылы ерекше бағдарламамен келіп, облыс тұрғындарына жеке концерт қоятынын жеткізді.

"Мен үшін бұл зор құрмет": Даниал Ахметов Рымбаеваға атақ бергеніне риза
фото: дереккөз

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға "ШҚО Құрметті азаматы" төсбелгісін табыс етті, деп хабарлады paryz.kz, әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бүгін қуанышты, әрі тарихи күн. Жаңа жыл қарсаңында жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі Роза Қуанышқызы Рымбаеваға "ШҚО Құрметті азаматы" атағын жеке тапсырып жатырмын. Мен үшін бұл зор құрмет. Біз әрдайым жерлестеріміздің жеңісі үшін қуанып, қолдап жүреміз", - деді Даниал Ахметов.

Кездесу барысында эстрада әншісі Семей қаласында мерейтой аясында атқарылған жұмыстардың ауқымын жоғары бағалап, ұлы ақын – Абайдың қазақ үшін алар орны зор екенін атап өтті.

"Жыл сайын өзімнің гастрольдік сапарымды Шығыс Қазақстаннан бастауға тырысамын. Себебі, туған өлкемнен ерекше шабыт, күш-қуат аламын. Халқыма жүрекпен ән шырқап, бір толқында өнер көрсетемін. Бүгінгі марапат үшін халқыма зор алғысымды білдіремін", - деді Роза Қуанышқызы.

Сондай-ақ, Роза Рымбаева алдағы жылы ерекше бағдарламамен келіп, облыс тұрғындарына жеке концерт қоятынын жеткізді. Кеш ШҚО симфониялық және халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.