Елімізде енді отбасында зорлық-зомбылық жасағандар жауапкершіліктен ескерту алумен немесе айыппұлмен құтылып кете алмайды. Тіпті жәбірленуші полицейлерге арыз бермесе де, оған зардап тигізген жан жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Paryz агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап.
Куәгерлердің, көршілерінің айғақтары мен бейнебақылау камераларының жазбалары болса тәртіп сақшылары бірден хаттама толтырады. Осы секілді тұрмыстық жанжалға байланысты әкімшілік және Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр.
«Мәселен, отбасылық зорлық-зомбылықтан соң тараптардың бірнеше рет татуласуына мүмкіндік берілмейді. Яғни, жәбірленуші мен оған зардап көрсеткен азамат сот арқылы тек бір рет ғана татуласа алады. Сонымен қоса, отбасылық жанжал кезінде ұрып-соғу деректері бойынша құқық бұзушы қазір 10-15 тәулікке дейін қамалса, енді оларды 10-20 тәулікке қамайды. Ал жеңіл жарақат салғандарды қамауға алу мерзімі 15-25 тәулік болады. Сондай-ақ қорғаныс нұсқамасын бұзғандарға қазіргідей ескерту берілмейді, бірден 10 тәулікке қамалады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, өзгерістер енгізілген Қылмыстық кодекс 19 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 1 шілдеде күшіне енеді.
«Жәбірленушілер денсаулығына немесе өміріне қауіп келгенде полицейлерге хабарласып, тәртіп сақшылары келгенде арыз жазудан бас тартады. Полицейлер кеткен соң жанжал қайта жалғасады. Былтырдың өзінде дәл осындай 70 мыңдай дерек тіркелді. Ендігіде заңнамадағы өзгерістерге сәйкес арыз жазбаса да, дерек бойынша іс қозғалады», - деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.