Елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс. Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі», - деді Мемлекет басшысы.
Президент сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінетінін баса айтты.
«Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз. Осы ретте біз мақтаныш ететін этномәдени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты. Осынау ерекше бірегейлігіміз уақыт тезіне төтеп беріп, қоғамдық сананың өзегіне айналды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.