Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Абзал Құспан қазақтың жыр-дастандары туралы заң қабылдауды ұсынды

«Қазақстандағы «Мәдениет туралы» заңда балет бишілері, олардың арнайы статусы туралы жазылса да, жыр, жырау, жыршылар туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ». Бүгін Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Абзал Құспан осылай мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz.

Абзал Құспан қазақтың жыр-дастандары туралы заң қабылдауды ұсынды
Фото: Azattyq Ruhy

«Қазақ мәдениетінің тамыры өте тереңде жатыр, әлем бойынша ойып тұрып алар өзіндік орны бар. Оған нақты мысал ретінде домбырада күй орындау мен айтыс өнерінің ЮНЕСКО-ның шешімімен бейматериалдық мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтуге болады.

Енді басқасын айтпай ақ, осы ЮНЕСКО тізіміне енген екі өнер саласына қатысты біздің ұлттық заңнамамызда бірде-бір норма жоқ екенін қалай түсінуге болады? Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Еуропа елдері одағы өздерінің ұлттық мәдени мұраларын сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік акт қабылдаған», - дейді депутат.

Оның айтуынша, қазақта жырдың ондаған түрі бар, өңірлерге байланысты бірнеше түрге бөлінеді, олардың ішінде көне заманнан келе жатқан жырлардың жөні бөлек.    

«Көршілес қырғыз елінде «Манас эпосы» туралы арнайы, өз алдына бөлек заң бар, ал біздің «Мәдениет туралы» заңымызда балет бишілері, олардың арнайы статусы туралы жазылса да, жыр, жырау, жыршылар туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ.    

ХХ ғасырда қазақ халқының мәдени жүйесiне үш түрлi мәдениет: дәстүрлi, отаршыл, батыстық мәдениет әсер еткені тарихтан белгілі, өкінішке қарай, батыс мәдениетіне еліктеу, сол жолда өз дәстүрлі мәдениетінен жеріну әлі күнге жалғасып келеді», - деді ол.

Абзал Құспан бұл ретте Қазақстанда мәдениеттің өзге салалары жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат алатынын, ал дәстүрлі өнер тағы да тыс қалатынын алға тартып отыр.

«Өзіңізге белгілі, Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылып, сайлау жүріп жатқан кезеңде еліміздің 3 жылдық бюджеті бекітіліп кетті, қазір сол құжатты зерделеп жатқан жайым бар. Енді республикалық театрларға 2023 жылға қаражат бөлінуіне назар аударайық: Астана қаласында орналасқан «Астана опера театры» мен «Астана балет театрына» бөлінген қаржыға қалған қазақ, орыс, ұйғыр, неміс ұлттық театрларының барлығына бөлінген қаражатты түгел қоссақ та жетпейді. Неге? Өйткені алдыңғы екеуі классикалық, яғни батыс өнеріне жатса, қалғандары, соның ішінде қазақ театрлары ұлттық-дәстүрлі өнер қатарына жатады. Мысалы, «Астана опера театрының» биылғы жылдық бюджеті – 5 578 541 теңгені құраса,  4 миллиардтан астам бюджеті бар «Астана балет театрына» қатысты жағдай тіптен қызық, мемлекет өз есебінен салып берген ғимаратты өзі жалға алуға мәжбүр болып отыр.

Классикалық театр мен қазақ театры қызметкерлерінің алатын жалақысына дейін едәуір айырмашылық бар. Оған негіз – «Астана балетте», «Астана опера» Үкімет Қаулысымен коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылған, сол арқылы қызметкерлеріне көтеріңкі жалақы төлеуге мүмкіндіктері бар. Ал іргетасы сонау 1926 жылы қаланған, ғасырлық тарихы бар «Мұхтар Әуезов» академиялық театрынан бастап қалған театрлар республикалық қазыналық кәсіпорны ретінде ондай мүмкіндікке ие емес», - дейді ол.

Абзал Құспанның пайымынша, шет елдерге гастрольдік сапарлар мәселесінде дәстүрлі өнер иелері емес, классикалық, яғни батыс мәдениеті өкілдеріне басымдық беріледі.    

«Осы мысалдардан көріп отырғанымыздай, дәстүрлі мәдениетіміз заң жүзінде де, іс жүзінде де қорғалмаған деп айтуға негіз бар.  Қазақ ұлттық мәдениеті қашанғы өз елінде өгейдің күйін кешпек? Құрметті Алтай Сейдірұлы! Менің бұл жерде бюджеттен жаңадан қаражат бөлу мәселесін көтеріп отырмағанымды, мемлекеттік бюджетте қарастырылған қаражаттың әділ бөлінуі туралы мәселе көтеріп отырғанымды қабылдауыңызды сұраймын.  

Сонымен қатар ұлттық мәдениетке қатысты жаңа концепция қабылдау қажеттігі кезек күттірмес мәселе деп есептеймін. Егер қазақ мәдениетін дамыту мәселесі бойынша ұзақ жылдарға негізделген ұлттық концепция жасақтар болсақ, тиісті заңнаманы да сол концепцияға сай қабылдатып, қалыптасқан келеңсіз тәжірибені де өзгертуге жол ашылған болар еді. Бірақ ол мәселе тек министрлік өкілдері тарапынан емес, міндетті түрде еліміздің мәдениеттану саласына қатысы бар ғалымдарымыздың қатысуымен қаралса деген ұсынысым бар», - деді ол.