Ауыл бапкері шәкірттерін Азия чемпионатына апару үшін қайыр сұрап жүр (ВИДЕО)

Қостанай облысы, Сарыкөл ауданында Барвинов деген ауыл бар. Сол ауылдың тұрғыны, бапкер Нұрлан Тайжанов шәкірттерін Азия чемпионатына апару үшін жаңа қадамға барды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі bassport.kz-ке сілтеме жасап. 

Ол гір тасын көтеруден шәкірт тәрбиелеп жүр. Бұл жұмысты бастағанына да біраз болған.13 жылдан бері ауыл спорт көтеремін деп жан ұшырып жүр. Соның ішінде соңғы алты жылын БЖСМ-ға арнаған. Қарамағында 30 оқушы бар екен. Азия чемпионаты мамыр айының алғашқы аптасында өтеді. Бапкер балалардың жол шығынына ақша таба алмай қалам ба деп қорқады. Өйткені балаларын жарысқа жіберуге ата-аналардың қалтасы көтермейді.

Оның айтуынша, кемі бір балаға барып қайтуына 250 мың теңге қажет. Енді балаларды жарыстан қалдырмау үшін кредит алуды да ойлап жүр екен. 

Шәкірттерім талантты. Облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Мысалы, Астанадағы ҚР біріншілігінде екі алтын, екі күміс, бір қола медаль жеңіп алдық. Наурыз айының соңында тағы үш алтын, бір күміс медальға ие болдық. Оқушыларым аудан, облыс құрамаларына үнемі ілігіп жүр. Сонымен қатар Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына да шақырту алады. Енді Азия чемпионатына бару үшін жол қаражаты қажет, - дейді Нұрлан Тайжанов.

Жыл сайын осындай жарыстарға апару үшін ақша іздей беруден шаршаған. Бұған дейін ауыл халқы, меценаттар көмектесіп келген. Егер осылай жалғаса берсе, балаларды жаттықтыруға деген ынта-жігер кетіп қалады деп отыр. Барлық ресурстарын жұмсап болған Нұрлан Тайжанов осы жолы креативті видео түсіруді қолға алған екен. Балалар үшін ән айтуға да арланбаған. Назарларыңызға бапкердің рэпін ұсынамыз.