Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл: Алматыда әдеби-сазды кеш өтті

Ұлт-азаттық көтерілістің бас сардары Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, халық батырының құрметіне орай Алматының мемлекеттік орталық музейінде әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл: Алматыда әдеби-сазды кеш өтті
Фото: almaty.tv

Іс-шара барысында түрлі фотосурет қойылған көрме тағылымы тарихтан мол сыр шертті. Жиынға батырдың ұрпақтары мен қоғам қайраткерлері қатысып, өз құттықтауын жеткізді. Жиналғандар әдеби-сазды кеш жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, өткенін ұмытпауға үлесін қосатынына сенімді.

«Ол кісінің ерен еңбегі – жас ұрпаққа үлгі. Сондықтан да, бұндай іс-шараларды жиі өткізу керек. Жетісу өңірінде де батыр көп. Жас ұрпаққа тәрбие болады деп ойлаймын», – деді А.Имановтың ұрпағы Салтанат Сұлтанова.

Амангелді Имановтың есімі қазақ халқының тарихындағы аса бір даңқты кезең - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліспен тығыз байланысты. Осы кезде Амангелдінің ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты айқын көрінген еді. Оның қол астындағы 50 мың сарбазы ерліктің, табандылықтың тамаша үлгісін көрсеткен.

Әдеби-сазды кеште Орталық музейдің «Қазақстан тарихын зерттеу» бөлімінің ұйымдастырған көрмені тамашалады. Көрмеде Торғай көтерілісінің жетекшілері мен оның қатысушыларының тарихи рөлін айғақтайтын фото-материалдар қойылды. Ерекше орынды көтеріліс жетекшісі А.Имановтың жеке заттары (атыс қарулары мен суық қарулары, ұсталық инструменттері) алады. Экспозицияда А.Имановтың ұлдарының суреттері, «Амангелді» кинофильмі мен Қазақ академиялық театрының спектакльдерінен алынған эпизодтарының фото-материалдары ұсынылды. Сондай-ақ, халық суретшісі Ә.Қастеев пен Б.Урманченің кескіндемелері мен суреттері қойылды.

«Халықтың ұлы, хас батыры Амангелді» әдеби-сазды кешінің құрметті қонақтары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл–құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ахметтанушы Райхан Имаханбет, А.Имановтың немересі Амангельдиев Батырлан Рамазанұлы, еңбек ардагері, қоғам қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Ұлт жанашыры - Сарқытбаева Дәрия Әбіқұлқызы, журналист, ақын, сазгер, Қазақ радиосының ардагері, Қызылжар қаласының «Құрметті азаматы» Бекмағанбетов Бүркіт Мәжитұлы, ақын, сазгер - Исраил Сапарбаев пен ақын, сазгер, журналист Аманғазы Кәріпжан әулетінің қатысуымен өтті.
Әдеби-сазды кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенттері аталған іс шараның өтуіне ат салысып, өз өнерлерін көрсетті.