Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Күні кеше Тоқаев қабылдаған "Теңізшевройл" ЖШС-нің бас директоры ауысты

Мемлекет басшысы оған компаниядағы табысты жұмысы үшін ризашылығын білдірген еді...

Күні кеше Тоқаев қабылдаған "Теңізшевройл" ЖШС-нің бас директоры ауысты
фото: Ақорда

Бүгін "Теңізшевройл" ЖШС-нің басшылығында өзгерістер болды, деп хабарлады paryz.kz.

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Кевин Лайон ТШО-ның бас директоры болмақ. Кевин бұл лауазымда 2018 жылдан бастап бас директор қызметін атқарған және оған дейін ТШО-да өндіріс жөніндегі бас менеджер болып жұмыс істеген Имер Боннерді алмастырады.

"Шеврон" компаниясындағы 32 жылдық мансабында Кевин Лайон АҚШ-та, Нигерияда, Филиппинде, Индонезияда, Нидерландыда және Бангладеште көптеген инженерлік және басқарушылық лауазымдарды атқарған.

"Мен Қазақстан Республикасының және ТШО компаниясының барлық қатысушыларының игілігі үшін кәсіпорынды басқару мүмкіндігін тағатсыздана күтудемін. ТШО – өте мықты серіктестіктің үлгісі. Сондықтан осы бірлескен кәсіпорынның алдағы жетістігіне үлес қосу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын", – деді Кевин Лайон.

2018 жылдан бастап Кевин Индонезияның Джакарта қаласында "Шеврон" компаниясының Үнді-Азиялық бизнес-бөлімшесінің басқарушы директоры қызметін атқарды. Бұл лауазымда ол Филиппин мен Индонезиядағы "Шеврон" активтеріндегі өндіру операцияларына, соның ішінде Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мұнай қабатына буды айдау әдісімен және суландыруды қолданумен кен орнын пайдалану бойынша ірі жобаға жауап берді.

Бұл рөлде Кевин 3800-ден астам тікелей қызметкерлері бар және жалпы саны 30 мыңнан асатын ұйымды басқарды. Кевинді ТШО-ның бас директоры қызметіне тағайындау оның дәлелденген басқару тәжірибесіне және мұнай өндіру саласындағы тиісті халықаралық тәжірибесіне негізделген.

Имер Боннер "Шеврон" техникалық орталығының президенті және Сан-Рамондағы (Калифорния штаты) "Шеврон" корпорациясының технологиялар жөніндегі бас директоры болып тағайындалды.

"Қазақстандағы жұмысым маған және менің отбасыма үлкен оң әсер етті. ТШО-ны оның өсіп келе жатқан кезеңінде басқарып, осы компанияның бай тарихының бір бөлігі болу мен үшін үлкен мәртебе болды", - деді Имер.

Еске сала кетсек, 21 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Теңізшевройл" ЖШС Бас директорын қабылдап, оған компаниядағы табысты жұмысы үшін ризашылығын білдірген еді.