Өлтірген күдіктілерге қатысты жаңа деректер шықты. Бұл туралы Paryz.kz сайты "КТК" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның мәліметінше, Төрткүл ауылындағы 9-сыныптың оқушысы Аружан Орынбайды сол мектепте оқитын 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы «миллион теңге бермесең, жалаңаш фотоңды әлеуметтік желіге жариялаймыз» деп бопсалапты.
Қомақты қаржыны таба алмаған 15 жастағы қызды «бірнеше рет пышақтап, денесін суға ағызып жіберген», – дейді туыстары. Қазір қос күдікті қамауда отыр. Тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда марқұмның туыстары олар жазадан жалтарып кете ме қорқатынын жасырмайды. Себебі ұсталғандардың бірі экс-әкімнің ұлы болса, екінші күдікті ауқатты отбасынан шыққан.
Әжесі немересінің суретіне қарап, ботадай боздайды. 9-сыныпта оқып жүрген немересі пышақталған күйі ауыл маңынан өлі табылғанына әлі сене алар емес.
Кешке үйдегілер ұйқыға кеткенде Аружан сыртқа шығып, қайта оралмаған. Аружанның үйден соңғы рет шыққаны көрші үйдің қорасына қойылған бейнекамераға түсіп қалған. Түнгі сағат 12-лер шамасында әлдекіммен телефонмен сөйлесіп, елеңдеген қыз арықты бойлап жүреді.
Ертеңіне 15 жастағы қыздың денесі арықтың ішінен табылды. Әжесі оның кісі қолынан өлгеніне сенімді. Себебі үйдің іргесіндегі арықтың маңы қанға малынған. Өзіне қол салғандай қылған қаскөйлер қылмысын жасыру үшін жарақат алған қызды суға тастаған.
Марқұмның әжесі Құрманкүл Салқынбекова: «Дыбысын шығармай, 11-сыныптың баласы қолын артқа қайырып ұстап тұрған. Екінші адам пышақты екі рет ұрған. Одан кейін қыз құлағаннан кейін 11-сынып оқитын балаға «қане, сен қолын кес» деген... Одан кейін ол қолын кескен. Арықтың жағасында қан судай аққан», – дейді.
Қара жамылған отбасы олар қыздың жалаңаш фотосын жалпыға жарияламас үшін миллион теңге сұрағанын айтады.
Марқұмның анасы Динара Зілғараева: «Соңғы мәрте алтысында менен ақша сұрады, қызым. Сосын мен айттым, «әкеңнен сұрашы» деген едім, «мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар» деді. Менің қызым ашық-жарқын күліп ойнайтын. «Неғыласың ол ақшаны», – деп қайта-қайта сұрап едім, «мама, мен шетелге кетем» деді. Осы екі бала бопсалаған. «Ақша бермесең, масқараңды шығарамын, сенің суретіңді жариялаймын» деп қорқытқан», – дейді. Марқұм болған Аружан мен 11-сыныптағы күдікті туралы мектептегілер тек қана жақсы жағынан білетіндерін айтады.
«Екеуінің өзара қарым-қатынасы туралы енді естіп отырмыз» деген мұғалімдер күдіктінің момын екенін айтады.
Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанат Коспанов: «Ешқандай аутодиструктивті мінез-құлық ол баланың бойынан табылмаған. Сауалнама нәтижесінде, ол өзі сәл қорқақтау бала, сондай қаттырақ сөйлесең, жылап қалатын, сондай бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық», – деді.
Күдіктілерді қамауға алған полицейлер кісі өлтіру дерегімен іс қозғап, сараптама тағайындады.