Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі тұрғындарға қазақ тілін мәжбүрлеп үйретпеу керектігін алға тартты, деп хабарлады Paryz.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Басшы Железин ауданы тұрғындарымен кездесуінде жергілікті ақсақалдарға мемлекеттік тілді насихаттау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, аудандағы мектептерде мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 15%-ға да жетпейді.
Біз ауылдарды аралағанда мектептерге, шағын орталықтарға барамыз. Кеше Веселая роща ауылына барғанда 157 оқушыдан 20 оқушы ғана мемлекеттік тілде оқиды екен. Аудандағы халық тек өзге ұлт өкілдері деп айта алмаймын. Онда көбіне өзіміздің қарагөздер тұрады, – деді Павлодар облысының әкімі.
Асайын Байхановтың пікірінше, насихаттың болмауынан қазақ тіліне деген сұраныс аз.
Сондықтан ақсақалдардан мемлекеттік тілді насихаттауды сұраймыз. Мұнда мемлекет тарапынан мәжбүрлеуге ешқандай жол берілмеуі керек. (Мемлекеттік тіл) тек әдептілікпен насихатталуға тиіс. Сондықтан бірге жұмыс істейік. Сіздер де көмектесіңіздер, – деді өңір басшысы.