Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Оралда кәсіпкерді өлтірген тұрғындар 15 жылға сотталды

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелдіге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Оралда кәсіпкерді өлтірген тұрғындар 15 жылға сотталды
Фото: stan.kz

Аталмыш соттың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, алқабилердің кесімі негізінде Р.Қожантаев пен Т.Амангелді ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5-7-тармақтарына (аса қатыгездiкпен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып кісі өлтiру) сәйкес айыпты деп танылып, әрқайсысы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сонымен қатар азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылып, сотталғандардан кәмелетке толмаған балаларының мүддесі үшін жәбірленушінің пайдасына әрқайсысынан 15 млн теңге моральдық залал өндірілді.

Сот талқысында анықталғанындай, өткен жылы 6 тамызда шамамен сағат 19.55-те Р.Қожантаев өзінің танысы Т.Амангелдімен бірге кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтіру үшін «Рахат-Лукум» караоке-мейрамханасына барған. Содан кейін Е.Мұханғалиевпен үстел басында әңгімелесу барысында Қожантаев өзін көтеріңкі жалақыда кәуап жасаушы ретінде жұмысқа қабылдауды талап еткен. Жеке бас араздығынан туындаған келіспеушілікті желеу етіп, өзімен бірге әкелген жиналмалы пышағын қол сөмкесінен шығарып, Мұханғалиевтің жанды жерлеріне бірнеше мәрте соққы жасаған.

Кәсіпкер өмірін сақтап қалу үшін мейрамхананың терезесін ашып, сыртқа қарай қашқан. Т.Амангелді қылмыстық ниетті аяғына дейін жеткізу мақсатында көлік тұрағында Мұханғалиевті қуып жетіп, аса қатыгездікпен көшеде демалып жүрген адамдардың көзінше оның басынан тепкілеген. Қожантаев олардың қасына жүгіріп келіп, Амангелдінің пышағын сұрап алып, Мұханғалиевке тағы соққылар жұмсаған.

Алған ауыр дене жарақаттарынан Мұханғалиев есін жимастан сол жерде көз жұмса, Қожантаев пен Амангелді оқиға орнынан бой тасалады.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, тінту, сөйлесу және оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен толықтай дәлелін тапты.

Үкім күшіне енген жоқ.