Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Петропавлдағы сепаратистер қалай жазаланатыны белгілі болды

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Мәжілісте СҚО-дағы сепаратистерге қатысты қандай шара қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Петропавлдағы сепаратистер қалай жазаланатыны белгілі болды
Фото: видеодан скриншот

«Солтүстік Қазақстан облысында болған жағдайды білесіздер. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл іс бойынша ведомствоаралық топ құрылды. Бұл қылмыстық істің сапасын көтеру үшін керек. Тиісті процессуалдық прокурорлар іске қосылды», - деп айтты Өмірәлиев.

Оның айтуынша, іс Бас прокурордың бақылауында.

«Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін осы топтың мүшелеріне және олардың тұрғылықты жері бойынша тиісті тінту жұмыстары жүргізілді. Дәлел заттар алынды. Атап айтқанда, флешка және тағы басқа заттар. Осы заттар және топ мүшелерінің айтқан сөздері бойынша тиісті сараптама тағайындалды. Сіздер олардың қандай сөз айтқанын білесіздер. Сараптама Әділет министрлігімен бірлесіп жүргізіледі. Ол 1 ай жүргізіледі. Біз жақын арада осы сараптаманы аламыз. Оның қорытындысы бойынша және әр адамның айтқан сөзі негізінде оларға тағылатын айыптың баптары көрсетіледі», - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.

Ол атағандай, айып тағылғаннан кейін жазаны сот тағайындайды.

Прокуратураға тергеу нәтижесі мен сараптама қорытындысы жеткілікті негіз берсе, оларға айып тағылып, жауапқа тартылады.

Өмірәлиев әзірге қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылмағанын айтты.

Айта кетейік, 30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» («Народный совет трудящихся города Петропавловск») құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған еді.