Алматыда қала әкімдігінің бастамасымен, мемлекет және қоғам қайраткері, Отан соғысының ардагері Роза Шамжанқызының 100 жылдығына орай мемориалдық тақта ашылды. Ол 1975 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін тұрған үйге қойылды, – деп хабарлайды Paryz.kz.
Қала әкімдігі мұрындық болған іс-шараға қайраткердің ағайын-туысы, әріптестері қатысты. Олар естелік айтып, елге сіңірген еңбегін тілге тиек етті. Тақта Роза Шамжанқызы 1975 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін тұрған үйге қойылды.
«Анамның елге істеген қызметі орасан зор. Ол Қазақстанның шет елдермен ынтымақтастығы бағытында көп жұмыс атқарды. Министрдің орынбасары болды, тіпті зейнетке шыққаннан кейін де президент архивінде қызмет етті», – деді Р. Шамжанованың ұлы Ерлан Тәжібаев.
Ұйымдастуршыларға, тақтаны жасаған шеберлерге алғыс айтқан ардагердің туыстары өткенге бір оралып, көздеріне жас алғанымен, көңілдегі қуаныштарын жасыра алмады. Қоғам қайраткері Роза Шамжанқызы туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, қала тұрғындарына да ризашылықтарын білдіріп жатты.
«Ол кісі ерекше адам болған, кішкентай кезімде біздің үйге жиі келетін. Мұндай тарихи тұлғалар қазір жоқ шығар деймін. 100 жылдық мерекеге арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына мен өте қуаныштымын, толқып тұрмын, қобалжып тұрмын», – деді Р. Шамжанованың туысы Нұра Өтебаева.
Тынымсыз еңбек пен адамгершілік қасиеттерінің арқасында Роза Шамжанқызы ел ардақтысына, халқының қалаулы тұлғасына айналды. Шетелдермен мәдени байланысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан, Болгария, Моңғолия, Румыния, Чехословакия, Германия, тағы да басқа елдердің жоғары наградаларымен марапатталған.
«Роза апаймен 7 жылдай еңбек атқардым. Ол кісінің табандылығына қайран қалатын едік. Бірге шетелдерде Қазақстанның мәдени күндерін ұйымдастыратын едік. Роза Шамжанқызы кішкентай кезінен жетімдер үйінде өскен.
Сол кездерде мал шаруашылығын дамытуға атсалысып, мал жайып, бұзауларды бағуға көмектескен. 13 жасында Қазақстаннан барған делегация құрамында, 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мал шаруашылығының озат жұмысшылары жиналысына қатысқан. Ерік- жігерінің арқасында 2 жылда бір рет шетелге мәдениетіміз, ұлттық болмысымызды, әдебиетімізді танытуға өлшеусіз үлес қосты», – дейді ҚР еңбек сіңірген дипломаты, профессор Қайрат Исағалиев.
Айта кетейік, Роза Шамжанқызы 1942 жылы ҚазМУ-де оқып жүрген кезінде өз еркімен майданға аттанып, 33-байланыс бөлімшесінде командир болған. Соғыстан кейін Мәскеу халықаралық қатынастар институтын бітірген. ҚазКСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтында ғылыми қызметкер, 1951–1953 ж.ж. Бүкілодақтық шет елдермен мәдени байланыс қоғамының Қазақ бөлімшесі өкілінің орынбасары болған. 20 жылдан астам уақыт Қазақ достастық және шетелдермен байланыс қоғамын басқарған.