23.12.2020, 10:56

Қазақстандағы ірі банктің әлеуметтік желідегі фейк парақшасы пайда болды

Фото: ашық дереккөз

Дербес деректерді немесе төлем карталары туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға ешбір жағдайда хабарлауға болмайды.

Әлеуметтік желіде Halyk Bank-тің жалған парақшасы пайда болды, деп хабарлады paryz.kz, stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Порталдың мәліметінше, бір оқырман банктің Facebook-тегі парақшасының түпнұсқалығын тексеруді сұраған. Аккаунтта ұсынылған ақпаратқа сәйкес, бұл Halyk Bank-тің парақшасы, бірақ, ол "жеке блог" деп белгіленген.

Алайда, толық тексеруден өткеннен кейін парақшаның фейк екені анықталды.

"Бұл - алаяқтардың ісі! Сақ болыңыздар және шоттар бойынша ақпарат бермеулеріңізді сұраймыз", - дейді банк өкілдері.

Сондай-ақ, аккаунттың жалған екенін парақшаны верификациялайтын арнайы белгілердің болмауынан және мекеменің акциялары мен жұмысы туралы ақпараттың жоқтығынан байқауға болады. Мұның бәрі Halyk Bank-тің ресми аккаунтында жарияланған.

Дербес деректерді немесе төлем карталары туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға ешбір жағдайда хабарлауға болмайды. Құпия сөз бен шоттарға кіру кодтарын банк қызметкерлеріне де айтуға болмайды.