Түркістан облысы Сайрам ауданында жеті айда жеті мектеп салған кәсіпкер тұрады. Жетпістен асқан Низамхан Сүлейменов жергілікті оқушылар сапалы білім алу үшін ештеңе аямайтынын айтқан, деп жазады Paryz.kz ақпарат агенттігі "Түркістан" арнасына сілтеме жасап.
Низамханның айтуынша, ол құрылыстан өзіне күш-қуат алады екен. Құрылыста 55 жыл тәжірибесі бар азамат жеті айда жеті мектеп тұрғызған. Ал білім саласына бет бұрғалы он мектеп пен он балабақша салып үлгеріпті. Енді құрылысы бітпеген тағы бір мектептің басы-қасында жүр. Кәсіпкердің мектеп салуына жұбайы себепкер болған.
"Маған пайданың керегі жоқ. Маған ақшаның керегі жоқ. Себебі балаларымның бәрі аяққа тұрды, өз үйі, өз жұмысы бар. Жасым жетпістен асты. Менде тек балаларға, халыққа жақсылық жасап, мемлекетке қызмет қылсам деген мақсат бар. Төрт ұл, екі қызым бар. Ұлдарым құрылысшы, қыздарым анасы секілді педагог", - дейді Низамзхан Сүлейменов.
Сайрам ауданы Қарабұлақ ауданында Сүлейменовтың бастамасымен Ақорданың қасбетіне ұқсайтын мектеп салынған. Бұл мектепте 2300 оқушы білім алуда. Бизнесмен өзі салған мектептегі үздік оқушыларға шәкіртақы тағайындап қойған. Бесінші сыныпқа дейінгі оқушыларға ыстық тамақ тегін беріледі. Сән-салтанаты келіскен мектеп ірі қалалардағы білім ордаларынан асып түспесе, кем түспейді.