Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Петропалдағы 19 сепаратист түк болмағандай, үйлерінде отыр - Қазыбек Иса

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Петропавлда «Халықтық кеңес» ұйымын құрған сепаратистердің Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялаған мәлімдемесіне қатысты Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Петропалдағы 19 сепаратист түк болмағандай, үйлерінде отыр - Қазыбек Иса
Фото: egemen.kz

"Биыл 19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист «Халықтық кеңес» ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары «қылмыстық іс қозғалды» деген болар-болмас хабар таратты. Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген? Қылмыстық кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай, үйлерінде отыр. Ал сепаратизм қаупін алдын ала сезіп, батыл қарсы шығып күрескен марғасқа Марғұлан Боранбай үш жылдан бері тастүрмеде жатыр", - дейді депутат.

Ол ұлтшылдықпен емес ұлтсыздықпен күресетін кез келгенін айтып, Бас прокуратура мен ҰҚҚ шұғыл шаралар қабылдауы керегін жеткізді.

"Ең басты қасиетті құндылығымыз - Тәуелсіздік пен Ұлттық тұтастықты қорғау - ең басты ұлттық міндетіміз! Жарылғыш затты жасырып қойғанмен жарылмай қалмайды, оны залалсыздандыруы керек. Ол үшін Тәуелсіздіктің қорғаны – Ұлттық идеология болуы керек. 2012 жылы Алаш бағдарламасын қабылдаған «Ақ жол» партиясы ұсынғандай, Ұлттық идеямыз - Алаш идеясы болуы керек. Біз көтерген «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге әлі де әкімдер қарсы болып келе жатыр. Дегенмен алда қала көшелері Алаш шеруімен толқитын күн келеріне сенеміз. Ұлттық идеология жемісті болуы үшін ең алдымен ұлттық ақпараттық қауіпсіздік қажет. Тәуелсіздік идеясына қарсы, сепаратизм вирусын тарататын шет елдік телеарналарға, сайттар тоқтатылуы тиіс", - деп айтты Иса өзінің депутаттық сауалында.

"Енді міне, жасырған ауыруымыз асқынғанын көріп отырмыз. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген атам қазақ. Кең байтақ жеріміздегі аз қазақтың қатарын толтырар алтын қорымыз - шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар, Солтүстікті оңтүстіктен қоныс аударушылармен толтыру жобасын жолда қалдырғандардың жауап беретін кезі келді. Тәуелсіздік қадірін жат қайдан ұқсын, егер өзіміз, өз билігіміз қала көшелерінен Тәуелсіздік атын алып тастаса? Бұған кінәлі әкімдер әлі былқ етпей орындарында отыр, - деп айтты ол.

Депутаттың айтуына қарағанда, қазіргідей геосаяси жағдай қиын кезде ең алдымен ел ынтымағы керек. Ол «Ұлттық қауіпсіздік Мемлекеттік тілден басталады» деп Президент Тоқаев тура айтқандай, енді тек сөзден іске көшетін уақыт жеткенін айтты.

"Халықты біртұтас етіп біріктіруші ұлттық идеологиямыз - Мемлекеттік тіліміз болуы тиіс. Өйткені, Ұлттық идеология, патриоттық тәрбие ең алдымен Мемлекеттік тіл арқылы беріледі. Елді бірұлттандыру саясаты тілден басталады. Бұны еліміздегі этностардың бәрі де қолдап отыр. Халық ассамблеясы мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау туралы үндеу жасағанына үш жыл өтті, биліктің тосқауылы әлі тоқтар емес", - деді Қазыбек Иса.

Ол солтүстіктегі мәслихат депутаты, ақжолдық Евгений Кинцельдің еліміздегі этностарды бірлікке шақырып, «Біз - бәріміз қазақпыз» деген сөзі бәріне үлгі болуы керегін айтады. Ал мәслихат сессиясын қазақ тілінде өткізуді ұсынған Өскемендік депутат Надежда Шушаникованың «Біз Қазақ елінде тұрамыз, мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар, шаралар тек қазақ тілінде өтуі тиіс» деген талабын барлық мекемел орындауы керек.

 Депутаттар мынадай ұсыныс айтты.

1. Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада қабылдау қажет.

2. Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен сайттардың, басылымдардың таралуын шұғыл тоқтату керек.

3. Ұлттық рухымызды көтеру үшін жыл сайын 31 мамырда «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге әкімдердің кедергісі тоқтатылсын.