СҚО-да Сергеев су қоймасы тасып жатыр

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК СҚО филиалы мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

СҚО-да Сергеев су қоймасы тасып жатыр
Фото: видеодан скриншот

5 сәуір таңғы 8.00-дегі мәлімет бойынша, Сергеев су қоймасы толып, ернеуінен 5 см-ге асып, тасып жатыр.

“Есіл өзені мен оның сағаларында, шағын өзендерде де су деңгейі көтеріліп келеді. Мәселен, Ковыльное елді мекені маңынан өтетін Ақанбұрлық өзенінде су деңгейі бір тәулікте 117 см өзгерді. Возвышенка елді мекенінің маңында осы өзеннің деңгейі 93 см-ге көтерілген. Гусаковка елді мекеніндегі гидрологиялық бекетте Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі 69 см артқанын көрсетті”, –  дейді мамандар.

Иманбұрлық өзенінің де суы толып келеді. Бір тәулікте Соколовка елді мекенінің маңында оның деңгейі жарты метрге көтерілген.

Ал Тоқсан би ауылында орналасқан гидрологиялық бекеттің көрсеткіші бойынша Есіл өзенінің деңгейі бір тәулікте 145 см көтерілген.

Жалпы, мұнда көктемгі су тасқыны басталғалы деңгейі 6,5 метрге өзгерген.

“Крещенка елді мекенінің маңында да Есіл өзенінің суы молайып жатыр, бір тәулікте көрсеткіш 117 см артты”, – дейді «Қазгидромет» қызметкерлері.