Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың өткен жылғы қазан айынан бастап тергеу изоляторында қамауда отырғаны белгілі болды. Ақпаратты Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Р. Аюпов 17.10.2022 жылдан бастап Астана қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №64 тергеу изоляторында қамауда отыр. Қазір оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 4-бөлігі, 312-бабы 5-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, комитеттен тергеу изоляторларында қамауда отырғандардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқығы мен міндеті бары айтылды. Сондай-ақ, олардың мекеме кітапханасынан кітап алуға, адвокаттармен, қоғамдық қорғаушылар және туыстарымен кездесуге мүмкіндігі бар.
Еске салсақ, Р. Аюпов өткен жылы наурызда Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі болып тағайындалған еді. Ал, 2019 жылдың шілде айынан 2021 жылға дейін Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарды.