Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Алматыда Наурыз тойланды

Ару қала Алматыда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы бірнеше күнге созылды. Алдымен домбырашылардың «Күй күмбірі» республикалық челленджімен басталған мерекенің соңы дүбірлі тойға ұласты. Аталған мерекелік кеште мектердің, гимназиялардың, шығармашылық үйлердің  600 оқушысы, 70 педагог және 20 ата-ана орындаған домбыра үні күмбірледі. Оркестрге дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Үкібай Дүйсен жетекшілік жасады. Домбырашылар Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» күйлерін орындады, – деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматыда Наурыз тойланды
Фото: Алматы қ. әкімдігінің сайты

Сонымен қатар, мерекелік кеш Астана алаңындағы «Наурыз думан» концертімен жалғасты. Көрермендерге Наурыз мерекесі қарсаңында көрермендерді ауылға апаратын Қазақстанның отбасылық және халықтық дәстүрлері туралы театрландырылған музыкалық баяндау ұсынылды.

Бұл шараға қала әкімі Ерболат Досаев, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, жазушы Дулат Исабеков, Қордың мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі қамқоршылық кеңесінің мүшесі Асылы Осман, қаланың қоғамдық кеңесінің басшылығы, діни қызметкерлер, басқа да қоғам және саяси қайраткерлер, сондай-ақ мәдениет қайраткерлері қатысты.

Концерттік бағдарламаны «Сенім» балалар ансамблі, Мақпал Жүнісова, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, «Дос-Мұқасан», «Ringо», «Жігіттер», «Алашұлы» топтары және т.б. жалғастырып, сонымен қатар, Салтанат», «Жорға», «Сармат», «Асылым» сияқты би ұжымдары, сондай-ақ «Blockbuster» шоу-балеті өнер көрсетті. Наурыз мерекесімен ТМД елдерінің әртістері де құттықтады: атап айтқанда, Turkvizyon-2015 халықаралық музыкалық байқауының жеңімпазы, қырғыз әншісі Жидеш Идирисова, Өзбекстанның танымал әртісі Rayhon және «Sabо» би ұжымы, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және сондай-ақ Ғалым  Оспанов пен Айнұр Ахметжанованың фольклорлық этнографиялық ұжымы.

Мерекенің көркін кіргізген сәт Наурыз шеруі болды – Алматының орталық көшелерінде эпостар, аңыздар мен ертегілердің кейіпкерлері жүріп өтті. Мерекелік шеруге Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазгосцирк әртістері, театр актерлері, би ұжымдары сияқты, барлығы 500 адам қатысты. Шеруге барлық ниет білдірген қала тұрғындары қосыла алды.

Келесі күндері «Астана» алаңында жас орындаушылардың қатысуымен Zhuldyzdy Almaty концерті өтті. Сонымен бірге, Панфилов пен Жібек Жолы жаяу жүргіншілер көшелерінде «Наурыз Fest» фестивалі өтті. Оған суретшілер мен қолөнершілердің 50-ден астам көрмелері мен жәрмеңкелері қатысты. Ал көрермендер кілем тоқу, жібек және керамика кескіндеме, асыл тастарды кесу, былғары, ағаш, шыны және сазбен жұмыс істеу технологияларымен танысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, «Асық ату», «Жамбы ату», «Арқан тарту», «Қол күрес», «Қазақша күрес», «Көкпар тарту», «Тоғыз құмалақ» спорттық-ойын-сауық ұлттық жарыстары өткізілетін спорт аймағы орналастырылды. Дәстүр бойынша мерекелік іс-шаралар кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына наурыз көже мен бауырсақ тағамдары ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы бірнеше күнге созылды. Қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шыққан мереке жыл сайын жалғасын табады деп тарқасты. Ал қала басшылығы ұлттық мейрамды ұлықтау үшін барлық мүмкіндіктерді жасады.