Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қуыршақ театры жаңа қойылым ұсынды

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры әр баланың «Есте сақта, балақай!» атты ақпараттық-танымдық қойылымы көрерменге ұсынды, - деп хабарлайды Paryz.kz.

Қуыршақ театры жаңа қойылым ұсынды
фото: Қуыршақ театрының Instagram парақшасынан алынды

Аталған қойылым әр баланың өмірінде маңызды орын алатын, білуге және ұстануға тиіс салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, өрт қауіпсіздігі және жолда жүру ережелерін өзгеше интерактивті бағытта ұсынған. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен премьера авторы Назерке Құмарғалиева болса, режиссеры Еркебұлан Қабдыл, суретшісі Қуат Түстікбаев және балетмейстері Ринат Билибаев екенін де айта кеткен жөн.

«Балаларға не қызық, көңілін қалай табамыз деп ойласқанда, балалар жазушысы Назерке Құмарғалиева екеуіміз қазіргі заманауи дүниелердің пайдасы мен зиянын көрсеткен жөн шығар деп ойладық. Өйткені, «Есте сақта, балақай!» қойылымы балаларды зиянды тағамдардан, сусындардан, зиянды әдеттерден бас тартуға, гаджеттерді артық қолданбауға шақырады. Бұл біздің балаларымыз үшін өте маңызды деп ойлаймыз», - дейді қойылымның режиссері Еркебұлан Қабдыл.

Қуыршақ тетарының әртістері актерлік шеберлік арқылы қуыршақ театры аудиториясынан Сіз халық ертегілерімен қоса, батырлар жырын, аңыз-әфсаналарды, драмалық шығармаларды танымал әншілердің, өзін қуыршақ сахнасында балалармен қауышып жатқаны байқалады.

«Бұрын қуыршақ  театры десе көз алдымызға жансыз қуыршақтар мен шымылдықтың ар жағынан қылтыңдап шығатын "бастар" елестейтін. Ал, қазір бәрі басқаша. Осы ретте, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры бұл стереотипті түбегейлі бұзды десем болады. Себебі, мұндағы спектакльдер жанды, бұл театрдағы қуыршақтарға ерекше жан біткен. Себеп, актерлік шеберлікте. «Есте сақта, балақай!» спектаклі театр ізденістерінің жалғасып жатқанына жарқын мысал бола алады. Спектакльді тамашалауға келген көрермен қоғамдағы басты шарттарды орындаудың маңыздылығына, гаджеттердің зиян келтіретініне көз жеткізеді», - дейді көрермен Назира Бурханова.

Театр актерлерінің тик-ток әлеуметтік желісіндегі трендтерге билеуі барша көрерменнің  жан жүрегін қозғап, әдемі әсерге бөлейді. Балалардың қуыршаққа деген қызығушылығы сонша оларды ұстап көріп, суретке түсіп, әдемі қойылым барысында барлығы белсенді болды.

«Менің кейіпкерім Мадина есімді кішкентай қыз. Осы балақай арқылы смартфон-гаджеттерді артық қолданбауға шақырамын. Кейіпкерім оны белгіленген уақыттан артық қолданып қойған жағдайда, қаншалықты зиян екенін кішкентай көрермендерімізге түсіндіре алды деп ойлаймын. Қазір балалардың екінің бірінде телефон болады. Оны дұрыс қолдануға, пайдалы жағын ғана іске асыруға, артық уақыт қолданып, денсаулыққа зиян келтірмеуге шақырамыз. Бұл тақырып бүгінгі күні өте өзекті деп білемін», - дейді театры актрисасы Ханшайым Серікова.

Театр ұжымы мен БАҚ өкілдерін байланыстырып, шараны жүргізуді қолға алған актер Бақыт Тушаев қуыршақ театрының бала тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Өйткені, мәдениет театрдағы киім ілгіштен басталса, баланы мәдениетке тәрбиелеу үшін кішкентайынан қуыршақ театрының табалдырығынан аттатқан жөн деп санайды.

Еске сала кетейік, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры әр баланың «Есте сақта, балақай!» атты ақпараттық-танымдық қойылымы көрерменге ұсынды. Аталған қойылым әр баланың өмірінде маңызды орын алатын, білуге және ұстануға тиіс салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, өрт қауіпсіздігі және жолда жүру ережелерін өзгеше интерактивті бағытта беріліп отыр.

Айта кетейік, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры еліміздегі тұңғыш қуыршақ театры. 1935 жылы ашылған театр ордасы таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған.