Маңғыстау облысында үш баласын өлтірген азаматқа қатысты тың ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Arbat.media-ға сілтеме жасап.
Үш баласын пәтерде өлтірген азаматтың Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасы екені анықталды. Ауылдастары күдіктіні жақын танитынын айтып, бұрыннан дін жолында жүрген адам екенін алға тартты.
Ауылдасымыз болған соң танимыз. Ел салафилік бағыттағы адам деп айтатын. Бейнеудегі Ы.Алтынсарин атындағы мектепте бірге оқыдық. Бүгінгі оқиғаны естіп ауылдастарымызбен бірге шошып отырмыз. Намазхан жігіт еді. Неліктен мұндай қадамға барғанын білмедік, — деді атын атамауды өтінген ауылдасы.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті күдіктіге қатысты әзірге басқа ақпараттарды жарияламады. Алайда әлеуметтік желіде үш баласын өлтірген азаматтың толық аты-жөні, оның 1986 жылы туғаны, сонымен бірге, марқұм болған үш баласының есімі жария болды. Бейресми ақпарат бойынша оның үш баласының екеуі қыз, кенжесі ұл бала болған.
Ақтауда қылмыстық оқиға болған 27 шағын аудандағы 46 үйдің тұрғындары күдіктіге қатысты ақпарат айтудан бас тартты. Көпшілігі осы үйден көргенімен, қашаннан бері тұратыны туралы білмейтін болып шықты.