Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

80 миллиардқа жуық iPhone. Алматы мен Астанада қанша қоқыс жиналған?

Қазақстандағы тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі қоқыс полигондарына шығарылады. Елімізде 3 мыңға жуық полигон бар. Біз Астана мен Алматы тұрғындары шығаратын қалдықтар мөлшерін пілдер мен iPhone телефондары арқылы өлшеуге тырыстық, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

80 миллиардқа жуық iPhone. Алматы мен Астанада қанша қоқыс жиналған?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Елорда әкімдігі мәліметінше, бүгінге дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) шығаруға арналған полигонда 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналған. Елордада өңделетін барлық қалдық 2012 жылы салынған, қуаттылығы жылына 250 мың тоннаға жуық қоқыс өңдеу зауытына жеткізіліп, 100 пайыз сұрыпталады.

Ересек пілдің орташа салмағы 5 тонна екенін ескерсек, Астана полигонының толтыру сыйымдылығы шамамен 320 мың пілдің салмағына тең.

Apple компаниясы мәліметінше, кейінгі шыққан iPhone 14-тің салмағы 172 грамм. Полигонның сыйымдылығын ескерсек, Астанада 10 миллиардқа жуық iPhone құрылғысы жиналуы мүмкін.

Елордада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын бір рұқсат етілген полигон бар. Сонымен қатар, биыл сынық кірпіш, бетон, асфальт сияқты құрылыс қалдықтарын қабылдайтын учаске іске қосылып жатыр.

2021 жылы қалада "Солтүстік жота" карьерін одан әрі рекультивациялау арқылы құрылыс қалдықтарын сақтау және өңдеу үшін алаң салынды. Алаңда асфальт, кірпіш, бетон сияқты құрылыс қалдықтарын өңдеуге арналған қуаттылығы жылына 196 мың текше метр ұнтақтау кешені орнатылған.

Тұрар Қазанғапов

Алматы әкімдігі мәліметінше, Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде полигонда 12 миллион тоннадан аса тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталған.

Біздің есептеуіміз бойынша, Алматы полигонында 2,4 миллионға жуық піл немесе 70 миллиардқа жуық iPhone 14 "жиналған".

Сондай-ақ, Алматы облысының Іле ауданы мен Еңбекшіқазақ ауданы аумағында бірнеше полигон жұмыс істейді. Бұл ретте Алматының өзінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жоқ.

Қалада жиналған барлық қалдық қуаттылығы жылына 550 000 тонна ТҚҚ болатын Green Recycle қоқыс сұрыптау кешеніне жіберіледі. Бұл кешен қайта өңдеуге болатын қалдықтардың, атап айтқанда, пластмасса, макулатура, шыны және металдардың үлгісін шығарады. Жарамсыз қоқыс Алматы облысы, Қарасай ауданы, Әйтей ауылында орналасқан полигонға жіберіледі.

Алматы билігі әкімдікке халықаралық компаниялардан қалдықтарды өңдеудің инновациялық технологияларын, оның ішінде термиялық қайта өңдеуді енгізу бойынша ұсыныстар түсіп жатқанын атап өтті.

"Қазір ұсынылған технологияларды Алматы агломерациясында Алматы облысының әкімдігімен жүзеге асыру жоспарланған жобалармен біріктіру үшін талдау жүргізіліп жатыр", - деді әкімдік өкілдері.