Ақтөбеде 8-наурызда әйелдер наразылыққа шықты

Ақтөбеде 8-наурызда әйелдер 58 жастан ерте зейнетке шығу құқығын беру туралы бейбіт шеру өткізді, - деп хабарлайды paryz.kz  ақпарат агенттігі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.

Ақтөбеде 8-наурызда әйелдер наразылыққа шықты
фото: diapazon.kz

Наразылыққа қатысушылар жалпы еңбек өтілі 30 және одан да көп жылдан асқандар, екінші және үшінші топтағы мүгедектер, көпбалалы ана мәртебесі бар әйелдер 58 жастан зейнетке шығуы керек деп санайды. Сондай-ақ жиналғандар мүгедек бала асырап отырған әйелдер де 58 жастан зейнетке шығуы керек деп талап қойды.

Олар 55 жастан бастап көпшілігінің денсаулығында күрделі проблемалар пайда бола бастайтынын айтты.

 

"Әйелдер екі ауысымда жұмыс істейді. Жұмыстан кейін бала-шағасына, күйеуіне көңіл бөліп, үйдің тазалығына, отбасына тамақ әзірлеуге жауапты болады. Мұны да ескеру керек", - дейді Ольга Смирнова.

"Мен 2017 жылға дейін құрылыста жұмыс істедім. Бірақ қазір денсаулығыма байланысты ауыр жұмыс істей алмаймын. Немерелерімді қарап үйдемін. Қазір 58-ге толдым, қыркүйекте 59 жасқа боламын. Таңертең төсектен әзер тұрамын. Тұрақты жұмысым болмағандықтан, емделе алмаймын. Мұндай аурумен бізді жұмысқа кім алады? Мына аурумен неге 61 жаста зейнетке шығуым керек?", - деді Гүлнар есімді тұрғын.

"Мені "Күміс ғасыр" бағдарламасы арқылы мәйітханаға жұмысқа жіберді, еден жууға. Олар 60 мың теңге төлейді. Ал менің жасым 60-та", - деп бөлісті Алтын есімді тағы бір тұрғын.

Жасына байланысты жұмыс табу бір мәселе болса, көбісі балалары мен туыстарының асырауына мәжбүр.