Атырау облысында жол апатынан 4 адам мерт болды. Тағы 3 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агеніттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 28 ақпанда сағат 07:55 шамасында болған.
«Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» (Астрахань) бағытындағы тасжолдың 492-шақырымында Toyota Ipsum автокөлігінің жүргізушісі көлік құралын игере алмаған. Соның салдарынан жолдың қарсы бағытына шығып, ауыр жүк көлігімен соқтығысады. Қызылқоға ауданы бағытында жүріп бара жатқан көліктегі 4 адам қаза тауып, 3 жолаушы әртүрлі дене жарақаттарымен Мақат аудандық ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, КамАЗ-ға соғылған LADA жүргізушісі мен оның үш жолаушысы ауруханаға түскен болатын. Жол-көлік оқиғасы 18 ақпанда Махамбет ауданының аумағында тіркелген.
«Жергілікті уақытпен сағат 16:10 шамасында республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» бағытындағы тасжолдың 62-шақырымы тұсында екі көлік соқтығысты. Жол апатының салдарынан КамАЗ-ға соғылған LADA жеңіл автокөлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушысы түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен 4 адам Махамбет аудандық ауруханасына жеткізілді», - деп мәлім еткен еді департаменттің баспасөз қызметі.