Бас әскери прокуратура қатардағы сарбаз Бекбол Мираштың өзіне-өзі қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық істің тергелу барысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Бүгінгі күні билікті асыра пайдалану арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша күдікті ретінде сол заставаның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі өтеді. Қылмыстық Іс материалдарына сәйкес ол Б .Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерді жүйелі түрде психологиялық тұрғыда қорлап, соққыға жыққан», - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Күдікті қамауға алынып, тергеу жалғасуда және ерекше бақылауға алынған.
«Тергеу барысында болған оқиғаның барлық нұсқалары, соның ішінде жыныстық ықтимал зорлық-зомбылық белгілері тексерілді. Алайда бұл дерек расталмаған. Адвокаттың өтінішхаттары белгіленген мерзімде қаралды және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы тәртібімен қанағаттандырылды. Адвокат С. Пралиевтің қылмыстық істің мән-жайларын жариялау жөніндегі әрекеттерінің заңдылығын уәкілетті орган, адвокаттардың тәртіптік комиссиясы қарайды», - делінген хабарламада.
Бас әскери прокуратура өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылықты ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі өзге де ақпарат жария етілуге жатпайтынын ескертті.