Дүйсенбі күні таңертең Мичиган штаты университетіндегі атыстан үш адам қаза тапты. Тағы бесеуі жарақат алып, жергілікті ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.
Жергілікті полицияға тұрғындар хабарласып, маска киген белгісіз біреу Мичиган штаты университетінің кампусында жергілікті уақытпен сағат 20:18-де оқ жаудырғанын жеткізген.
Полицияның мәліметінше, шабуылдаған адам университеттің екі жерінде студенттерге оқ атқан. Әзірге үш адамның мерт болғаны белгілі, бесеуі жарақат алған.
Шабуылшының денесін полиция қызметкерлері тапқан – ол шабуылдағаннан кейін өз-өзіне оқ атқан.
Фото: COURTESY OF MSU POLICE VIA AP
Полицейлер шабуылдаушының 43 жаста екенін анықтады. Оның университетке еш қатысы жоқ. Оның неліктен бұл қадамға барғаны әзірге белгісіз.
Университет өкілдерінің айтуынша, шабуылдаушы оқ атқан екі ғимарат та жұмыс кезінде ашық болған – оның біреуі сабақ оқуға, екіншісі студенттер кеңесінің кездесуіне арналған.