10.02.2023, 14:56

7-20-25: «ЦентрКредит» банкі ғимаратындағы ұзын-сонар кезекке түсінік берілді

Фото: видеодан скриншот

«ЦентрКредит» банкі Астанадағы бөлімшелерінде қалыптасқан «7-20-25» бағдарламасымен өтінім берушілердің ұзын-сонар кезегіне түсінік берді, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«10 ақпанда «ЦентрКредит«банкі «7-20-25» бағдарламасының операторы бөлген лимит аясында өтінім қабылдауды бастады. Бүкіл мақұлданған өтінімдер бойынша несие қысқа уақыттың ішінде беріледі. Лимит игеріліп болғаннан кейін банк өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болады. Өйткені лимиттің сыртында өтінім қабылдауға құқығымыз жоқ», - деп жазылған банктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Банктің ақпараты бойынша, бағдарламаға қатысатын өзге банктерде өтінім қабылдау әлі басталмаған.

«Осы бағдарламаға қатысатын өзге банктер өтінім қабылдау процесін қайта жандандырмағандықтан бүгін «ЦентрКредит» банкінің Астанадағы бөлімшелерінде кезек қалыптасқаны байқалады», - делінген ресми мәліметте.