Түркияның Нур қаласындағы қазақстандық құтқарушылар жұмысына қатысты видео жарияланды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған видеода қазақстандық құтқарушылар арнайы жасалған ойықтың көмегімен адамдарды толығымен қираған ғимараттың астынан шығарып алып жатыр.
«Құтқарушылар барлық жол бойы адамды сүйемелдеп шығарып, толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Үйінділер астындағы қозғалыс кезінде Қазақстанның ТЖМ құтқарушылары үйінді астынан адамды өз денелерімен қалқалап шығарып жатыр», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, қазақстандық құтқарушылар екі тәулікке жуық уақыт бойы адамдардың орналасқан жеріне жол салған.
«Осы уақыт ішінде зардап шеккендермен аудио байланыс үзілген жоқ», - деп атап өтті ведомство өкілдері.