Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Банкрот" статусы бар азамат Қазақстаннан шыға алмайды

Қазақстанда жақын арада жеке тұлғалардың ресми банкроттық рәсімі күшіне енеді.

"Банкрот" статусы бар азамат Қазақстаннан шыға алмайды
фото: tengrinews.kz

Банкроттықты анықтау механизмінің екі түрі бар: соттан тыс және сот арқылы.

Олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай?

Соттан тыс банкроттық әлеуетті банкроттың қарызы 1600 АЕК-тен аспайтын жағдайда қолданылады; ол қарызды төлеу арқылы сатуға болатын мүлікке иелік етпейді; қарызды төлеу мерзімі 12 айдан асады.

Соттан тыс банкроттық тетігі банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлар алдында берешегі бар қазақстандықтар үшін қолданылады. Осы рәсім шеңберінде алимент және өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша қарыздар есептен шығарылмайды.

Соттан тыс банкроттықты борышкердің өзі бастайды, рәсім алты ай ішінде жүзеге асырылады. Ол аяқталғаннан кейін берешек толығымен есептен шығарылады. Бұл ретте қаржы басқарушысы борышкердің қаражатына билік етеді. Банкрот өзіне және оның асырауындағы әрбір отбасы мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің сомасымен шектеледі.

Соттан тыс банкроттық кезінде борышкерге елден тыс жерлерге баруға және несие алуға тыйым салынады. Бұл ретте өсімпұлдар есептелмейді, банкроттың банктік шоттарынан қаражат есептен шығарылмайды.

Сот банкроттығы берешек сомасы 1600 АЕК-тен асқан және мерзімі 12 айдан асқан жағдайда қолданылады. Бұл ретте әлеуетті банкроттың меншігінде бағалау құнының 75%-нан төмен емес құны бойынша сатуға және түскен ақша есебінен қарыздарын өтеуге болатын мүлік болуға тиіс.

Борышкер сот банкроттығын қолдану туралы өтініш бергенге дейін үш жыл ішінде жасаған мәмілелер рәсім басталғаннан кейін жойылуы мүмкін. Мұндай шара борышкерлер мүлікті төмен бағамен сату немесе оны басқа адамға қайта жазу арқылы мүліктен шығармауы үшін енгізіледі.

Сот банкроттығы рәсімі шеңберінде борышкердің жалғыз тұрғын үйін сатуға жол берілмейді. Сонымен қатар, банкроттың еншісінде ең төменгі күнкөріс деңгейіне жететін - борышкерге және оның асырауындағы әрбір отбасы мүшесіне қаражат қалады.

Егер сот анықтаған банкроттың қаржылық жағдайын бақылау нәтижесінде оның жасырын активтері немесе мүлкі бар екендігі анықталса, ол банкрот статусынан айырылады және барлық қарыздарды өз бетінше төлеуі керек.