Ақтөбеде қаңтар оқиғасына қатысты деп айыпталған 18 адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Тергеушілердің мәліметінше, 2022 жылдың 4 қаңтарында ақтөбеліктер көшелердің біріне жиналып, облыс әкімдігінің алдындағы алаңға көшкен. Олар шеру өткізу ниеті туралы ресми органдарға хабарламастан, әлеуметтік желілер арқылы өзгелерлі шеруге қатысуға шақырған.
5 қаңтарда сағат 12:20 шамасында рұқсат етілмеген митинг жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Жаппай тәртіпсіздік кезінде зорлық-зомбылық, мемлекет мүлкін қиратып, талқандау, өрт қою, өзгелердің мүлкін жою, сондай-ақ билік өкіліне қарсылық көрсету сияқты әрекеттер жасалған.
«Айыпталушылардың көпшілігі өз кінәсін мойындамады – олар бейбіт митингіге шыққанын және тәртіпсіздіктерге қатыспағанын мәлімдеді. Алайда сот дәлелдемелерді, соның ішінде бейнекамералардағыларды ескере отырып, сотталушыларды жазалау туралы үкім шығарды. Олардың тек екеуі ғана ақталды», - делінген хабарламада.
16 адам түрлі мерзімге сотталды. Бірақ екеуінен басқасының барлығына дерлік рақымшылық жасалды. Үкім шығарылғанға дейін олар қамауда болған кезде жазасын өтеп қойған немесе шартты түрде сотталған.
«Ең ауыр жазаны – 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеу үкімі шығарылған айыпталушы – көлікпен қауіпсіздік күштерін басып өтпек болған жүргізуші алды. Ол құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қастандық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған тағы бір айыпталушы қайта қылмыс жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.