Психолог Серікгүл Сали отбасындағы зорлық-зомбылыққа бейім келетін әйелдер жайлы айтып берді. Маманның сөзінше, мұндай әйелдер күйеуі ұрып-соқса да, ажырасуға асықпайды, деп хабарлайды "Оян" бағдарламасына сілтеме жасаған paryz.kz ақпарат агенттігі nur.kz-ке сілтеме жасап.
"Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерді орналастыратын қоғамдық орын бар. Сол жерге әйелді бала-шағасымен апарамыз. Аталған мекемеде әйел адаммен психолог жұмыс істеп, зәбір көрсетушіден қорғап ұстайды. Көп жағдайда заңды тұрғыдан қарап, күйеуімен ажырасуға кеңес беріледі. Бірақ соның өзінде олар татуласып, қайта қосылады. Неге? Оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, өз отбасында ата-анасының текетіресін көргендер үшін бұл қалыпты жағдай саналады.
Екіншіден, тұрмыста қысымға ұшыраған әйелдердің тағы бір бөлігі көпшіліктен марапат күтеді. "Осындай зорлыққа қалай төздің?! Не деген шыдамдысың?! Не деген мықты әйелсің?!", - деген сөздер қажет оларға. Яғни, зорлыққа төзуді үлкен марапат санайды.
Ал отбасында өз ата-анасынан зорлық-зомбылық көргендер бар. Оларды ерекше топқа жатқызамыз. Олар таяққа үйреніп қалған. Таяқ жемейінше, психикасы тынышталмайды. Таяқ жеуге тіленіп тұрады. Мүмкін, оның күйеуі қол көтермейтін адам болған шығар. Соны қол көтеруге өзі мәжбүрлеп апарады. Сөзі арқылы, қылығы арқылы... Өзінің бейсанадағы сұранысы сондай. "Мен жақсылап таяқ жемейінше, тыныштала алмаймын" деген ой қалыптасқан.
Бұл өте қауіпті және соңы көбіне өліммен аяқталатын жағдай. Сондықтан баланы отбасында ұрып өсіруге болмайды", - дейді психолог.