Сыртқы істер министрлігінің өкілі Бучада тігілген киіз үйге қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін мәлімдеді. Сол себепті Ресейге ешқандай да ресми жауап берілмейді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Киіз үй қойылды. Бұдан қандай проблема туындады? Қойылды. Көмек көрсетілді. Бұл жеке қазақстандық компаниялардың бастамасы. Өздері жинап, өздері апарып, өздері көмектесіп жатыр. Бұған елшіліктің қатысы жоқ», - деп атап өтті Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Бұған дейін Кремль Бучада тігілген киіз үйге байланысты Астанадан түсініктеме талап етіп жатқаны туралы айтылған. Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Қазақстанды Украинаның Буча қаласында тігілген қазақтың киіз үйіне қатысты ресми түсініктеме беруді сұраған болатын. Хат Ресейдің СІМ ресми сайтында жарияланған.
«Қазақстаның ресми тұлғаларының назарын ғаламторда пайда болған ақпаратқа аударттық. Бізді кейбір БАҚ өкілдері жазып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынына және Қазақстанның билігі бұл акцияға қатыспағанына сендірді. Ресей тарапының жақын серіктесіне сенбейтіндей негізі жоқ. Бұған қатысты жақын күндері ресми түсініктеме күтеміз», - делінген хат мәтінінде.