Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Елімізде қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 70 мыңға жуық айыппұл төлейді

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев бұдан былай қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны үшін қазақстандықтардың қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Елімізде қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 70 мыңға жуық айыппұл төлейді
фото: matritca.kz

Ведомство өкілінің айтуынша, жаңа айыппұлдар экологиялық құқықбұзушылықтар мен қоғамдық орындардағы вандализм үшін жауапкершілікті күшейту туралы заңдағы түзетулерде қарастырылғанын атап өтті.

«Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау,  ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қасақана бүлдіру бұзақылық ретінде қарастырылады.

Қазіргі уақытта сот ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК, яғни 17 250 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындап жүр. Жаңа редакцияда айыппұл мөлшері 20 АЕК, яғни 69 мың теңге болады немесе 5 күннен 30 тәулікке дейін қамауға алынады», - деді Азамат Құрымбаев.

Оның айтуынша, заңнамалық түзетулер ресми жарияланған күннен бастап 60 күн ішінде күшіне енеді.

Еске салайық, 3 қаңтарда Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын.