Президенттің қатысуымен Парламент Сенатының отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сайлауы еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы алдымызда тұрған негізгі мақсат еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру екенін атап өтіп, келесі жылы барлық саладағы реформалар жалғасын табатынын жеткізді.
"Биыл еліміз зор қатерге тап болды. Дегенмен біз қиындықтың бәрін еңсердік. Барлық салада жүйелі реформаларды қолға алдық. Үш жарым жыл бұрын басталған саяси өзгерістер биыл тың қарқынмен жалғасты. Реформаның ауқымы кеңейді. Біз үшін бұл өзгерістерді жалпыұлттық диалог арқылы жүзеге асыру өте маңызды. Осы мәселеге байланысты Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болмақ. Сондықтан келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.