Өскеменге барсаң, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі – депутат (ВИДЕО)

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр дегенге сенбейтінін, өңірлердегі жерлердің басым бөлігі әкімдерге тиесілі екенін айтты, деп хабарлады paryz.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Өскеменге барсаң, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі – депутат (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мыңдаған гектар жер мемлекет игілігіне берілді деп жағымды есеп берді. Алайда Берік Дүйсенбинов бұған сенбейтінін ашық айтты.

«Ербол Шырақбайұлы, сіз жаңа баяндама жасадыңыз. Бірақ сіздің айтып жатқан мыңдаған гектар жерді мемлекетке қайтарып жатырмыз деген сөзіңізге қатысты елдің сәлемін жеткізгім келіп отыр. Жақында елден келдік. Қай облысқа бармасаңыз, жолдың оң және сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр...

Мына жердің иелерін тақтаға жазып қоюға не кедергі? Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, ал Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі. Астананың маңайында Өмірзақ Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр. Алайда сіздің баяндамаңызда айтылған мыңдаған гектар жер қайтарылды деген сөз – өтірік. Халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал бағып отырғандарға жер жетпей жатыр. Сіздер осы әдемі баяндаманың орнына осыны қашан қолға аласыздар. Аты-жөнін жазыңыздар. Тақтаны іліп қоюға неге ұяласыздар? Бұрынғы отырған байлар солай отыр», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Ауыл шаруашылығы министрі депутаттың бұл пікірімен келіспейтінін атап өтті.

Мен әкімдердің жерлеріне тиіспей, қорғап отырмыз деген сөзді қабылдай алмаймын. Себебі, биыл 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтардық. Ол кімнің жері? Сол әкімдердің жері, - деді министр.