Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұдан былай ірі көлемде жеңілдетілген автонесие беру науқаны болмайтынын айтты, - деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналистер министрге жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша көлік сатып алғысы келетіндердің бәріне көлік жеткілікті ме деген сауал қойды.
"Көліктер бәріне жетеді. Айтайын дегенім, мұндай ірі көлемді автонесие беру науқаны енді болмайды, өйткені мемлекет жеткілікті түрде (қаражат. - еск.) құйып қойды. Бұл ақша, халыққа револьверлік тәртіппен қайтадан берілуі тиіс", - деді Өскенбаев.
Оның айтуынша, 2023 жылы елімізде 130 мыңға дейін көлік шығарылуы мүмкін.
"Біз қазір банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың идеологиясы мынадай: "ақша қайтарылып жатыр, жеткілікті пул жинап, жаңасын берейік". Мен оларға: "Күнделікті қаражат қайтарылады, бұл бір-бес адамға жетеді, бір адамға, бесеуіне бер" деймін. Менің түсінуім бойынша, бұл үздіксіз процесс болуы керек. Шартты түрде 10 миллиард жиналды деп, оған 200 немесе 300 адамды күтіп, сосын жариялау емес. Бұл жұмыс күн сайын жасалуы керек деп есептеймін", - деп қосты ол.