2023 жылғы қаңтарда көлік алуға жеңілдікпен төмен пайызбен несие беру басталады. Бұл туралы Қазақстанның Даму банкінің баспасөз қызметі хабар етті деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.
«2023 жылдан бастап барлық қолданыстағы бағдарламалар бойынша шарттар өзара үйлестіріледі. Орталықтандырылған бақылауды қамтамасыз ету үшін бұдан әрі бағдарлама бойынша қаражаттың бір ғана операторы ретінде Даму банкін қалдыру көзделеді. Қазіргі уақытта бағдарламаларға қатысатын екінші деңгейлі банктер қолданыстағы кредиттерді өтеуден түсетін төлемдерді жинақтау процесін жүзеге асырып жатыр. Револьверлік тетік негізінде жеңілдікпен қарыз беруді бастау 2023 жылғы қаңтардың екінші жартысына қарай жоспарланып отыр», – делінген ҚДБ мәліметінде.
Сол кезде екі бағдарлама бойынша жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 млрд теңгені құрайды. Бұл кемінде 1300 жаңа несие бөлуге мүмкіндік береді. Болашақта револьверлік әдіспен жинақталған қаражатты бөлуді ай сайын іске асыру жоспарланып отыр.