Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ресеймен «газ одағын құру» туралы ешқандай келіссөз жүргізілген емес – Болат Ақшолақов

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Atameken Business» телеарнасы тілшісінің сауалына берген жауабында Қазақстанның газ мәселесі бойынша Ресей және Өзбекстанмен тығыз ынтымақтастықта екенін, бірақ ешқандай «газ одағын» құру мәселесін талқыламағанын айтты.

Ресеймен «газ одағын құру» туралы ешқандай келіссөз жүргізілген емес – Болат Ақшолақов
Фото: ашық дереккөз

«Біз газ одағы туралы келіссөздер жүргізбегенімізді тағы бір нақтылап айтамын. Біз тек екіжақты әңгіме-дүкен құрдық. Менің ол жаққа (Ресей Федерациясына. – Авт.) жиі баратынымды жақсы білесіздер, мен солтүстік-шығысты газдандыруға қатысты мәселелерді шешуге тырысамын. Бұл Ресей Федерациясымен екіжақты қарым-қатынастаға негізделетін мәселе. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Өзбекстанмен де солай, яғни біз азиялық газ құбырының бір жүйесіне – бізге қосылған бүкіл газ құбыры жүйесін реттеуге кіреміз. Үшіншіден, Өзбекстанның Ресей Федерациясымен газ мәселесі бойынша өз қарым-қатынасы бар, бізде ондай мәселе жоқ. Олар сол мәселелерді шешіп жатыр. Кейде үш жақ қатар отырып сөйлесуге тура келетін жағдайлар болады. Бірақ бұл одақ құру керек дегенді білдірмейді», - деп жауап берді Болат Ақшолақов.

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапары кезінде «үшжақты газ одағын» құру туралы ұсыныс айтылғаны, Ақорданың баспасөз қызметі бұл мәселе бойынша ұтымды шешім табу үшін үш елдің сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізу қажеттігін атап өткен болатын.

Кейінірек Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Мәскеудің одақ құру туралы бастамасын «әзірше мұқият зерделеуге тиіс идея ғана» деп түсіндіріп, Қазақстан санкцияларды айналып өту үшін өз аумағын пайдалануға жол бермейді деп сендірді. Осы орай, БАҚ-та Өзбекстанның «үшжақты газ одағын» құрудан бас тартқаны туралы ақпарат тарады.