Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев өзге елдердің кепілсіз онлайн-шағын несиеге толық тыйым салу туралы тәжірибесін зерттеу керек дегенді алға тартты, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.
«Тұтынушылық несиені тежеу керек. Өкінішке қарай, несиені оңды-солды алудың салдары экономикадағы балансты бұзуы мүмкін, бұны біз бұрыннан байқап келеміз. Қазір проблемалы несиелердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам алған несиесін төлей алмай келеді», - дейді Тоқаев.
Президент атап өткендей, алдыңғы несиесін жаба алмай қысылған халық оны жабу үшін қайтадан несие алуға мәжбүр болып отыр.
«Сондықтан, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың банкроттығы мен сауықтыру» туралы заң жобасы іске қосылу керек. Бұдан өзге, кепілсіз онлайн шағын несиелерді қатаң түрде реттеу керек. Кейбір елдер бұған толық тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеп көру керек»,- деді Тоқаев.