Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қазақ жеріне заңсыз кірген "Путин күзетшісін" Қазақстан еліне қайтарады ма?

Оның үстінен Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалды, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Новая газета Европа сайтына сілтеме жасап.

Қазақ жеріне заңсыз кірген "Путин күзетшісін" Қазақстан еліне қайтарады ма?
фото: Новая газета Европа

РФ президентінің 2004 жылғы №1013 жарлығына сәйкес, РФ Федералдық күзет қызметі бірінші кезекте Ресей президентінің қызметін ақпараттық-технологиялық және ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету функциясын атқарады. Путиннің оққағарлары да соның құрамында: РФ президентінің қауіпсіздік қызметі сол ФКҚ-ның бір бөлімшесі.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты РФ Федералдық күзет қызметінің майоры, 36 жасар Михаил Жилинің ісін қарады. Ол Қазақстаннан аластатылмақ. Оның өзі елімізден кеткісі келмейді: босқын мәртебесіне қол жеткізуге тырысуда. Отанына қайтудан зәресі ұша, қорқады.

Оның өз президенті жанындағы жылы орнын тәрк етіп, басын ала қашуының себебі неде? Михаил соғысқа жігіт алу жарлығынан қашқандардың бірі. Отанында оны РФ мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені (РФ қылмыстық кодексінің 322-бабы: 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) және дезертирлік жасағаны (338-бап: 15 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін) үшін айыптауда.

Мәскеу ФКҚ офицерін қайтару үшін ғаламат белсенділік танытып жатқан көрінеді. Ресейлік журналист Иван Жилиннің хабарлауынша, федералдық күзет қызметінен генералдың өзі бастаған делегация ол тұрған үйге сау ете қалып, Михаилдың көршілерінен оның қайда кетуі, қайда тығылуы мүмкін екенін сұрастырыпты. Тіпті оның балалары оқыған мектепке барып, шәкірт әкесінің қайда екенін мұғалімдерінен сұраған. Қыркүйекте мобилизациядан бас сауғалаған, бірақ кейін елге оралған Михаилдың достарын да бірнеше сағат ұстап, оған қатысты тергеген.

Бүгінде РФ ФҚК майоры Михаил Жилин елімізде, тергеу изоляторында отыр. Ресей оны өзіне экстрадициялауды талап еткен екен.

Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага оның ресейлік органдардың құрығынан құтылатынына үміт аздығын ашық білдірді. Бұл ретте Қазақстан бәрін халықаралық құқық аясында жасап отыр.