Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Соңғы 10 жылда елде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны екі есеге өсті

Депутат жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексеруден өткізу керек деп есептейді. 

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Денсаулық сақтау министрлігіне жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексеруден өткізуді ұсынды, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Соңғы 10 жылда елде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны екі есеге өсті
фото: ortalyq.kz

Тек 2021 жылдың өзінде 13 мыңнан астам балаға мүгедектік диагнозы қойылған.

"Бала кезінен мүгедектігінің алдын алмаған адам өмір бойы азапқа ұшырап, толыққанды өмір сүре алмайды. Қымбат медициналық көмек, әлеуметтік жәрдемақылар, оңалту қызметтерінің, техникалық құралдарды тұрақты түрде пайдалануға мәжбүр болады. Біз бұл проблемалардың алдын алуға болатын кезеңді өткізіп алып жатырмыз", – деді депутат Денсаулық сақтау министріне сауалында. 

Оның айтуынша мұны шешудің бір жолы –  осындай ауыр ауруларды, соның ішінде тұқым қуалайтын ауруларды, олардың клиникалық көріністерін ерте диагностикалау және уақтылы ем тағайындау. Ол үшін жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексеруден өткізу керек. 

"Жаңа туылған нәрестелерді 49 тұқым қуалайтын метаболикалық ауруға пилоттық іріктеу скринингі өзінің тиімділігі мен өзектілігін көрсетті, бірақ белгілі бір себептермен әлі жүзеге асырылған жоқ. Сонымен қатар тұқым қуалайтын аурулардың тізімі бар, оларды өмір бойы емдеуге заңмен кепілдік беріледі. Бірақ бізде бұл ауруларды бастапқы кезеңде анықтамайды. Қауіп-қатер тобындағы, соның ішінде есту және көру қабілетінен айырылған балаларға құрал-жабдықтың жоқтығынан дер кезінде диагностика жасалмайды, олар анықталса да, көп жағдайда мамандардың жетіспеуінен дер кезінде көмек көрсетілмейді. Нәтижесінде мүгедектердің қатарына қосылады", – деп атап өтті халық қалаулысы.

Депутаттың айтуынша, ауруларды ерте анықтауға, ерте емдеуге және оңалтуға жұмсалған қаражат болашақта мемлекеттің млн-даған қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. 

"Бұл барлық өркениетті елдер ұстанатын аксиома. Біз балалар мен ересектердің құқықтарын құрметтеуге және азаматтардың салықтарын тиімді басқаруға көзқарастарды өзгертуіміз керек", – деді Нұрымова. 

Жоғарыда айтылғандардың ескере келе, депутат мынадай ұсыныстарын ортаға салды:

 1. Жаңа туған нәрестелерді тұқым қуалайтын ауруларға тексеру; 
 2. Барлық босану мекемелерін офтальмологиялық, аудиологиялық, психофизикалық скринингтер үшін қажетті құрал-жабдықтармен және мамандармен қамтамасыз ету; 
 3. Мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетудің 2021-2023 жылдарға арналған жол картасының орындалуына бақылауды күшейту.