30.11.2022, 12:19

«Тоқаевтың Францияға сапарында Әблязовты елге қайтару мәселесі талқыланды ма?» – СІМ жауабы

Фото: ашық дереккөз

Шетелдік БАҚ-та Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эммануэль Макронмен Францияда тұрып жатқан қазақстандық банкир Мұхтар Әблязов айналасындағы жағдайды талқылайды деген ақпарат тарады. Бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко пікір білдірді, деп хабарлады paryz.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. 

«Бұл мәселе көптеген елдің құқық қорғау органдарының айрықша құзыретіне тиесілі. Аталмыш мәселе (Әблязовты Франциядан елге қайтару – авт.) саяси деңгейде талқыланбайды. Мәселе сот органдары ме құзырлы органдардың құзыретіне тиесілі. Тек Қазақстан емес – Еуропа мен АҚШ-тың. Өздеріңізге белгілі, Әблязов мырза Қазақстанда құқық бұзғаны және жазығы үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған», – деді министрдің орынбасары Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Оның айтуынша, қазақстандық банкирді БТА банкінен 4 млрд доллар ұрлағаны үшін Лондонның жоғары соты да үкім шығарған.

Қазір оған қатысты басқа да сот процестері АҚШ, Ұлыбритания және Францияда жүріп жатыр. Қазақстан тарапынан сот процесіне қатысушы – БТА, Алматы әкімдігі және Әділет министрлігі. Сондықтан бұл заң аясында қаралатын мәселе. Ол – Әблязов мырзаға қатысты іс тергеліп жатқан елдердің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының нысаны. Сондықтан бұл мәселе саяси деңгейде талқыланбайды, – деді Роман Василенко.

Айта кетейік, 29 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Францияға барды.