Прямая трансляция

Астана

Астана

10°C

Мұхамеджан Тазабек қазақ қыздарының арын таптауды көздеген ресейлікке ашулы

Таяуда ғана ресейлік жазушы әрі блогер Алекс Леслидің қазақ қыздарына қатысты керағар пікірі қоғамда дүмпу туғызған еді. Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек арулардың арын таптауға бел буған шетелдіктің жолын кесуге шақырды, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Экспресс k сайтына сілтеме жасап. 

Мұхамеджан Тазабек қазақ қыздарының арын таптауды көздеген ресейлікке ашулы
фото: exk.kz

Алекс Лесли өзінің даулы бейнежазбасында Қазақстанға келіп, қазақ қыздарын төсек қатынасына тартудың түрлі тәсілін үйрететінін ашық айтқан еді. Блогер 19 қараша күні Алматыда дәл осы тақырып төңірегінде тренинг өткізбек екен. Бұл видео қазнетте қызу талқыланып, халықтың ашуын тудырды.

Осыдан кейін Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бұл мәселені қолға алу керектігін айтып, жігіттерге шұғыл бейнеүндеу жолдапты.

Қазақ қыздарын жауапсыз төсек қарым-қатынасына үйретіп, ар-ұятын қалай оңай таптауға болатынын көрсетуге келе жатыр екен. Бүлік салып, қымбатты қыздарымыздың ар-ұятын аяққа таптауға келе жатқан адамға барынша қарсы тұрып, оның жолын кесуіміз керек, — деді Мұхамеджан Тазабек.


Бұл роликті көрген жігіттер жігерленіп, бүлікші блогерді жазалауға дайын екенін жарыса жазған. Олардың арасында кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров та бар.

Аға, еш уайымдамаңыздар. Бәрін ойластырып қойдық, — деп жазды Жанқош Тұраров.


Мұхамеджан Тазабектің бұл видеоүндеуі әйелдер қауымына жақпай қалса керек, олар қазақ қыздарын сыйлау өзіміздің жігіттерден басталуы керектігін айтыпты.

"Қайдасыңдар демей, жүріңдер деп, өзің бастасаңшы", "Дұрыс! Бірақ қазақ қыздарын сыйлау, өзіміздің қазақ жігіттерінен басталғаны нұр үстіне нұр болар еді", "Бұл тәрбиені бірінші қол астыңызда жүрген жігіттерден неге бастамайсыз?" — деп сыни пікір жазды қыз-келіншектер.