Астанада емізулі нәрестесімен таксист боп нәпақа тауып жүрген келіншекке халық қомақты қаржы жинап берді. Көзіне жас алып қалған әйел жұртшылыққа алғысын айтты, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі exk.kz сайтына сілтеме жасап.
Қолында сәбиі бар такси жүргізуші туралы журналист Мұхтар Өміртай жазған болатын. Бұл жаңалықты оқыған қазақстандықтар қиын жағдайға тап болған әйелдің тағдырына бей-жай қарай алмады. Қайырымды жандар санаулы күн ішінде 1,7 миллион теңге жинады. Қаржы келіншекке табысталды. Бұл сәттің видеосын журналист Instagram парақшасында жазды.
Көптің аяушылық сезімін оятқан әйелдің есімі — Әсел. Қолындағы сәбиінен бөлек 12 жасар ұлы бар екен. Емізулі нәрестенің есімі — Медина. Келіншектің айтуынша, ол қызы 3 айлық кезінен бастап таксиші боп нәпақа тауып жүр. Жалғызбасты ана балаларымен жатақханада бөлме жалдап тұрады.
Журналистің айтуынша, екі балалы ана ешкімнен көмек сұрамаған. Оның қайсарлығы мен батырлығына риза болған жұрт қол ұшын созуды жөн санаған.
Халқыма үлкен ризашылығымы білдіремін. Мейірімді жүректеріңізбен кішкене болса да көмегіміз тисе екен деп берген қаражаттарыңыз маған үлкен көлдей боп келді. Негізі жыламаймын деп тұр едім... — дейді көзіне еріксіз жас алған келіншек.