Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі зерделеу нәтижесі бойынша тергеу органының айыптау актісін бекітті, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Айыпталушылар Кәрім Мәсімов (ҰҚК бұрынғы төрағасы) және Әнуар Садықұлов (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) мемлекетке опасыздық жасау (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттігін өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) туралы баптар бойынша сотқа берілді.
Дәулет Ерғожин (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) билікті күшпен басып алғаны (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы).
Марат Өсіповке (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары), Д.М. Акиповқа (ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары) және Н.К. Бекмуратқа (ҰҚК-ның бұрынғы басқарма бастығы) Қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.
Қылмыстық іс «өте құпия» белгісімен тергелген және сотта да осы тәртіпте қаралады.