Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қарағанды облысында 3 тонна мұнай төгіліп қалды

Сөйтсе, қара май "Қазтрансойл" компаниясының Атасу мұнай айдау бекетінен Жаңаарқа бекетіне цистерналарды тазалауға әкетіп жатқанда төгіліпті.

Қарағанды облысында 3 тонна мұнай төгіліп қалды
Видеодан скриншот

Қарағанды облысында көліктен төгілген мұнай қалдығынан келген залалды анықтауға арнайы комиссия аттанды. Үш тоннаға жуық "қара алтын" Атасу мұнай айдау бекетінен Жаңаарқа ауданының орталығына тасымалданған цистернадан төгілген, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мұқажан Жұмажанұлы ауылынан таяқ тастам жерде төгілген мұнай қалдығын алдымен тұрғындар байқаған. Қолқаны қабатын иіс жайылған жерге полиция мен аудан басшылығы бірден жетіпті. Сөйтсе, қара май "Қазтрансойл" компаниясының Атасу мұнай айдау бекетінен Жаңаарқа бекетіне цистерналарды тазалауға әкетіп жатқанда төгіліпті. Бұл жұмыспен Атасу кентіндегі "Биосервис" серіктестігі айналысады екен. Айтуларынша, жол үстінде цистернаның қақпағы ашылып кеткен. Енді олқылыққа жол берген жүгізушімен қоса, цистернаны тасымалдайтын мекеме жауапқа тартылады.

"Бүгінде жол үстінде төгілген мұнай қалдығы толық тазаланды. Полиция бөлімі бар құжатты Экология департаментіне жіберді. Арнайы мамандар келіп сынама алып, топыраққа және қоршаған ортаға қанша зиян келтірілгенін анықтайды. Мердігер компанияға заң аясында тиісті шара қабылданады", - деді Жаңаарқа ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Индира Рахымбаева.