Қостанайдан Екатеринбургке бет алған вахталық жұмысшылар мінген автобус Ресейдің Челябинск облысында апата ұшырды, - деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.
Жол апаты бүгін таңғы сағат 6-да Кунашак ауданы аумағында Екатеринбург қаласына баратын жолдың 85-ші шақырымында болған.
"Алдын ала болжам бойынша жүргізуші жауған қардың кесірінен көлік тізгініне ие бола алмай, көлік шұңқырға аударылған. 13 адам зардап шекті, олар
Челябинск, Кунашак және Касли аудандарындағы медициналық мекемелерге жеткізілді. Автобуста 22 жолаушы болған. Олар вахталық жұмыс істеу үшін Қостанайдан Екатеринбургке бара жатқан", - делінген хабарламада.
Басылым мәліметінше, автобусты 12 жыл тәжірибесі бар Екатеринбург тұрғыны басқарған. Ол Ресей Федерациясының жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған.