Қазақстандық қоғамға кіріккісі келетін РФ азаматтары қазақ тілін үйренуде. Ал сыйлағысы келмейтіндері қоғамды тіксінткен оғаш қылық көрсетуде, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі inbusiness сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық қоғамға кіріккісі келетін РФ азаматтары қазақ тілін үйренуде. Ал сыйлағысы келмейтіндері қоғамды тіксінткен оғаш қылық көрсетуде.
"Қазақстанға ауған біраз ресейлік Путинді қолдауын жалғастыруда"Фото: Комсомольская правда
Мәскеудің соғысқа жігіт алу жарлығынан бас сауғалаған РФ тұрғындары өз елімен шектесетін барлық мемлекеттерге қашып тығылуға асықты. Әртүрлі бағалау бойынша 700 мыңнан бір миллионға дейін ресейлік еркек кіндікті қоңсы елдерге зытқан.
Сарапшылар ең көп легі Қазақстанға енгенін хабарлады. Бірақ кейбір дереккөздердің хабарлауынша, Қазақстанға қашып кіргендердің 70 пайыздайы бүгінде елден кетіп қалған. Соның өзінде елімізде екі жүз мыңға жуық жатжұрттық тұрып жатқан көрінеді.
Айтқандай, кеше Норвегияның Тромсё қаласында жергілікті полиция елге қашып кірген 51 жасар ресейліктің өзімен бірге беспилотник ала келгенін анықтап, тұтқындады. Ресейлік әртүрлі жерлерді белсенді түрде фотоға түсіре бастауымен бақылауға іліккен. Құқық қорғау органдары оның жүгін тінту барысында үлкен көлемде фототехникаларды, бірнеше жад картасын, сондай-ақ дронды тапты. Ресей Украинаға басып кіргенде қабылданған жергілікті "Санкциялар туралы" заңыне сәйкес, ресейліктерге Норвегияда дрон ұшыруға тыйым салған. Әзірге РФ азаматы 4 аптаға түрмеге қамалды. Одан тәркіленген материалдар арасында әуежайлардың, тіпті Норвегия Қарулы күштері әуе көліктерінің кадрлары табылды.
Бұдан бұрын норвегиялық полиция Стурскуг қаласындағы көлік өткізу бекетінде жеке көлігіне 2 беспилотникті тығып алып өтпек болған ресейлікті ұстады. Оған да Санкциялар туралы заң талаптарын бұзғаны үшін айып тағылып отыр.
Бұл ретте өткен аптада елге қашып келген РФ азаматтарының Астанада дрондарды заңсыз ұшырып жүргені анықталды. 12 қазанда тағы бір ресейліктің елордада беспилотник ұшырумен әуестенгені белгілі болды. Бірақ сол үшін жазаланбақ түгіл, дроны да тәркіленбепті. Полицияның хабарлауынша, Ресейден келген 21 және 28 жастағы жігіттер ешқандай рұқсат алмай, елорданың әр тұсында пилотсыз ұшатын аппараттарды әуелетіп жүрген.
"Шетелдіктермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Құқық бұзушылық ақпаратты есепте қою кітабына тіркелді. Материал шешім қабылдау үшін Азаматтық авиация комитетіне бағытталды", – деп хабарлады ақпарат құралдарына Астананың Полиция департаменті.
Мұндай қылмыстар өршіп кетпесіне еш кепілдік жоқ.
Алматы тұрғыны, релоканттарға арналған "Батыл бол" қазақ тілінде тілдесу клубын ұйымдастырушы Алексей Скалозубовтың айтуынша, қазақтар "Елге қашып кірген 100 мың ресейлік ертең дядя Вовасын (Путинді) шақыра бастамай ма?" деп алаңдайды. Бұл жайында ол "Novaya Gazeta. Europe" басылымына сұхбатында айтты.
Оның байламынша, Қазақстан тұрғындары әзірге мобилизациядан қашқандарға мейірбандылық, қайырымдылық танытуын жалғастыруда, бірақ "егер ресейліктер елде 3 айдан артық қалса, проблема міндетті түрде туындайды". Сондықтан оларды ұлттық мәдениетке, тілге және болмыс-менталитетке үйреткен, ассимиляциялаған жөн.
Алайда ресейліктер "Қазақ тілін үйренудің қажеті қанша? Мұнда бәрі онсыз да орысша сөйлеседі" дегенді алға тартып, одан бас тартады екен.
"Шынында, Қазақстандағы этникалық орыстар да мектепте қазақ тілін оқыған, тіпті беске бітірген. Бірақ әлі күнге дейін тіпті ауызекі тілде сөйлесе алмайды. Оның себебі біреу: тілдік орта жоқ. Қазақ қалың тұратын өңірлерде, оңтүстікте, батыста орыстар да қазақ тіліне жүйрік. Ал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде қазақы орта шағын. Бұған жалпақшешейлік те кесірін тигізеді: орыстілді және қазақтілді азамат кездесе қалса, орысшаға көшеді. Мен мысалы, таксиге отырғанда қазақша айта бастаймын, алайда таксиші менің бет-жүзіме қарап, бәрібір орысша жауап береді. Өйткені сондай әдет қалыптасқан: орыстармен орысша сөйлесу керек. Бұл бір жағынан құрметі шығар. Екінші жағынан, зиян келтіреді: тіпті мемлекеттік тілді үйреніп жүрген адам да оны тастап кетеді", – деді Алексей.
Оның мәліметінше, Қазақстанды паналағандар арасында мобилизациядан қашқанымен Путиннен қашпағандар, яғни оны қолдаушылар жетерлік.
"Өз елінің бауырлас, қаны бір, мәдениеті ортақ халықты қанға бөгіп, бомбалап жатқанын түсініп, биылғы көктемде Ресейден кетіп қалғандарға қарсылығым жоқ. Соғысқа қарсы болғанымен, онысын ашық білдірмеген, үнсіз көнген, енді мобилизация қарқын алғанда елді тастап шыққан ресейліктерді де түсінемін. Өздерін құшақ жая қарсы алған, мейірім шуағына бөлеген елдің тілін игеруге ынта-ықылас білірдіргендерге көзқарасым түзу. Ал Путиннің саясатынан Қазақстанға қашып келген, бірақ Путинді қолдайтын қозғалыстарын тып-тыныш қана ары қарай жалғастырып жатқандарды жек көремін. Олар мысалы, телеграмда әртүрлі арандатушы чаттар ашып, үгіт жүргізеді. Бірқатары жеке хат-хабарламада, немесе достарымен, туыстарымен тілдескенде: "Вот сейчас Путин перебьет этих украинцев, и вернемся домой праздновать!" деп ашық айтып жатады. Олардың қатары көп пе, оны білмедім. Мен мысалы, соғысқа қарсы, украинашыл көзқарастағы ресейліктерге көп жолықтым. Сонымен бірге менің Ресейде ғана емес, Қазақстанымда тұратын туыстарым, таныстарым, әсіресе солтүстік облыстарымызда өмір сүретіндері, әлі күнге Путиннің саясатын қолдайды", – деді Алексей Скалозубов.
Оның байламынша, бұған Ресей пропагандасының Қазақстанда тыйым салынбай, еркін таралуы себеп.
"Елімізің солтүстік өңірлеріндегі қаптаған, заңсыз ресейлік спутниктік антенналар арқылы тек ресейлік телеарналар көрсетіледі. Оларды көретін адамдар тек қана орыс тілінде сөйлеседі. Қазақ тілі олар үшін ешкім сөйлемейтін өлі тіл. Менің өзім сондай ортада өстім: он үш жасқа дейін мен үшін қазақ тілі латын тілі сияқты болды. Яғни, оқу бағдарламасымен мемлекет міндеттегендіктен, оқи салдық. Бірақ оны пайдалануға ниет болған жоқ. Ол тілде сөйлесетін адамды кездестірмедім. Сол қалыпта қалып қойған адамдар жетерлік. Олар Путинді қолдайды. Сонымен бірге соғысты қолдамайтындар да көбейіп келеді. Менің ойымша, санаулысы болмаса, Алматыдағы орыстардың бәрі дерлік Украина жағында", – деді "Батыл бол" клубының жетекшісі.
Оның айтуынша, Ресейді қолдайтын жергілікті орыстілділер қатарының енді ресейліктермен қатты толығуы қоғамды толғандырады.
Дегенмен, ол қазақ тілін тегін үйрету клубын құрғанда, онда саяси мәселелерді араластыруға тосқауыл қойыпты. Оның үстіне соғысты қолдайтындар арасында қазақша үйренгісі келетіндер жоққа тән. Клуб қазір кеңейіп, бірнеше облыста ашыла бастаған.
"Біздің, яғни билік пен халықтың қазіргі міндеті қазақтілділер мен орыстілділердің бірін бірі түсінісе алуына қол жеткізу. Ең құрыса, сәлемдесу, әлдебір жаңалықты талқылай алу. Мен қазақтардың қандай күй кешетінін жақсы білемін. Қалпымен қазақы ортада, туған жерінда, бабадан мирасқа қалған жерде, Қазақстан деп аталатын мемлекетте өмір сүрген қазақ ауылынан үлкен қалаға, Астанаға келе қалса, оған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпей қоюы мүмкін. Бұған неге жол берілген? Неге орыстілді орта әлі күнге мемлекеттік тілдің өріс алуына қарсыласып келеді? Бұл үлкен қателік сияқты", – деді ол.
Алексей басқа түгіл, тіпті ең алып мегаполис Алматының өзінде мемлекеттік тілді тегін үйрететін ұйымды таба алмағанын айтады.
"Қазақ тілін үйретуді бизнеске айналдырған. Қазір ақылы курстар көп, репетиторлар да қаптап жүр. Ал тегін тіл үйрету клубын кездестірмедім. Бұл бір абсурд, себебі елде халық бай емес. Сонымен бірге Қазақстанда ағылшын, корей, жапон тілдерін тегін үйрететін орталықтар мен курстарды еркін табасыз", – деді Алексей Скалозубов.
Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясына да қатысты болса керек. Мәскеудің шашбауын көтеріп, қатаң айыптау мәлімдеме жариялап, Украинаның Қазақстандағы елшісін елден аластауға қол жеткізуде аса белсенділік танытқанша, ҚХА сол күш-жігерін тегін тіл үйрету курстарын көбейтуге бағыттаса, құба-құп болар еді.